Олар өз тілдерін төрге шығармақ

06.05.2019
Қаралды: 183

Украинаның бір палаталы Парламенті – Жоғарғы Рада  25-сәуірде украин тілін елдегі бірден-бір жалғыз мемлекеттік тіл деп бекітетін заң қабылдады. Президент қол қояр болса, ол енді көп ұзамай-ақ күшіне енбек.

 

Жоғарғы Рада қабылдаған заң ел азаматтарын түгелдей украин тілін білуге міндеттейді. Онда басқа тілдердің қолданылу аясы шектелген. Мысалы, аз ұлт өкілдері тек мектепке дейінгі білім беру орталықтарында ғана өз тілдерінде оқи алады. Кей жерлерде ағылшын тілі мен Еуроодақ тілдеріне аздаған кеңші­ліктер жасалмақ. Ал Қырым татары сияқты жергілікті ұлт өкілдері орта білімді өз тілінде оқытатын мектептерден алуына болады.

 

Жалпы, украин тілін білу елдің барша аумағындағы орталық және атқарушы билікке, қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызмет орындарына міндетті. Жеке адамдар ғана өзара сөйлескенде, діни ғұрыптарды өткізгенде өз тілін қолдана алады. Бірақ украин тілін білу – баршаға міндетті. Азаматтардың тіл үйренуін жеңілдету үшін арнайы орталықтар ашылған, олар ниет еткен­дерді тегін оқытады.

 

Заң күшіне енгеннен кейінгі бір жылдан соң барлық концерттер мен басқа да мәдени іс-шаралар украин тілінде жүргізілетін болады. Концертке қатысушы украин тілін біл­мейтін болса, оның сөздері жұртқа украин тілінде жеткізіледі. Фильмдер де украин тілінде дубляждануы тиіс. Аздаған шетелдік фильмдер мен сахналық қойылымдарды ғана субтитрлап көрсетуге рұқсат беріледі. Туристерге де тек украин тілінде қызмет көрсетілетін болады.

 

Заң күшіне енгеннен кейінгі бір жарым жылдан соң украин тілі барша қызмет көрсету саласы нысандарында міндетті болады. Яғни онда тек украин тілінде қызмет көрсетілуі тиіс. Заңда бекітілген кей жағдайларда ғана басқа тілде қызмет көрсетуге рұқсат етіледі

 

Ал заң күшіне енгеннен кейінгі екінші жылы телеарналар мен радиостанцияларда украин тілінің үлесі 90 пайызға жетуі тиіс. Баспа өнімдері де тек  украин тілінде жарық көруі керек. Шет тіліндегі шығатындары өзінің украин тіліндегі нұсқасын шығарып отыруы тиіс.

 

Заң күшіне енгеннен кейінгі үшінші жылы оның талаптарын бұзғандарға айыппұл салына бастайды. Өмірдің әр саласына байланысты оның өзіндік мөлшерлері бекітілген.

 

Украина азаматтығын алғысы ке­летін адамдар украин тілінен сынақ тапсырады. Сондай-ақ азаматтық Украина мүддесіне қажетті және елге ерекше еңбегі сіңген адамдарға сынақтан өтусіз де беріледі. Бірақ олар алдағы бір жыл ішінде мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ