Орынтайдың жазғандары сан сезімге бөлейді

19.04.2019
Қаралды: 342

Түлкібастық танымал қаламгер Орынтай Көмеков алдағы 20-сәуірде Пайғамбар жасы – 63-ке толғалы отыр. Бір қарасаң, 63 жас көп те, аз да емес. Алпыс үш жыл жасағанымен артында халық еске алатын алты әрекеті жоқ адамдар да болады. Ал біздің ағамыз туралы олай айта алмайсыз.

 

Орынтай Көмеков десе көз алдыңыз­ға оның шығармашылығында жиі кезде­сетін Қыран Темір, Көреген Азамат, Мақталы, Нұршуақ, әзіл-сықақ, қазақы махаббат, Зымзия, Сықсима, түрік, үнді сериалдары, «ДСУ» мөлтек ауданынан бөлек, басқа да көптеген кейіпкерлер мен күнде көріп жүрген таныс жерле­рімізді жазбай танимыз. Ең бастысы, жүзі жылы кісі елестейді көз алдымызға.

 

Осы жерде мен ол кісі туралы емес, оның шығармашылығы туралы сөз қоз­ғасам деймін. Көптеген үлкен кісілер Орынтай Өксікбайұлын республикалық  газеттері арқылы таниды екен. Ал біз секілді 1990-шы жылдары дүниеге келгендер ол кісіні аудандық «Шамшырақ» газеті арқылы біледі.

 

Қайбір жылдары теледидарды түрік сериалдары жаулап алған болатын. «Қыналы қар», «Бериван», «Зерда», «Мың бір түн» естеріңізде ме? Мектеп қабыр­ғасында жүргенде достарым сол сериалдарды ауыздарынан сілекейлері ағып көретін. Бір күні бір сыныптасым класқа газет алып келді. Әшейінде газет-журнал, кітап бетін ашпайтын сабаз еді. Бұнысына таң қалдық. «Мә, мынаны қараңдар!» – деп газетті айқара ашып, ортамызға тастады. Қарап едік, «Қыналы қардағы» Әли мен Назар, Жаппар төре көзімізге оттай басылды. Ал кеп таласып-тармасып оқиық. Бәрі мәз. Екі езулері екі құлақтарында. Майы тамған мөлтек сыр екен. «Кім жазды екен?» деп авторына қараған едік, Орынтай Көмеков деген кісі екен.

 

Осылайша біз ол кісінің өзін танымасақ та шығармашылығымен таныс бола бастадық. Әрбір түрік сериалы мәресіне жеткен кезде Орынтай аға бұл сериал туралы не жазар екен деп күтетінбіз. Ол да көп күттірмейді. Газет бетіне жарқ етіп Орекеңнің жазғаны шығады. Көбіне ол кісі Шехрезат, Дениз, Зердаларға мұңын шағады. Біздің аудандағы кейбір көлеңкелі тұстарды әзілмен астарлап жеткізеді. Оқып отырып еріксіз жымиясың. Зымиян Зымзия, рушыл шалдар, қолдан қолға өтетін, бірақ еш киілмейтін сыйлық шапан, сая­бақта әліне қарамай қыз-келіншектерге қырындайтын протез тісті сері, айлық алса бір күнде «тентек суға» жұмсап жібе­ретін образдарға күлесің. Кейде жылағың келеді.

 

Иә, Орынтай аға тек әзіл-сықақ әңгі­мелер ғана емес, өмірдегі кейбір ащы тұстарды да назардан тыс қалдырмайды. Қыспаққа алған нарық, қартайған әкесіне қол жұмсайтын қатыгез ұл, базарда арба сүйрейтін жас бала, жалқау ауыл тұрғыны, аспандағы бағаны сұрайтын ұятсыз таксист секілді кейіпкерлерге бір жағы жаның ашиды, бір жағы ашуың келеді.

 

Енді бірде мистикалық әңгімелерін оқысаңыз, қорқыныштан жүрегіңіз жарыла жаздайды. Мысалы, мына үзіндіні оқып көріңізші:

 

«Ой, қу Кәмшат-ай! Үйіне қарай келе жатқан мені көріп, әдейі тығылып қал­ған ғой!» деген оймен терезеге үңілдім. Іште май шам жанып тұр екен. Үлкен айна жанында жүзін теріс бұрған бір бойжеткен қыз шашын тарап отыр. «Кәмшат, бұл мен ғой! Неге «Қыз сынына» бармадың? Бол, жүр кеттік, мені қыздар саған әдейі жіберді», – деп терезенің сыртынан айқайладым. Бірақ ол менің айқайлағаныма селт етпеді де.

 

Сосын, болмаған соң терезені тоқпақтадым. Сол сәт шашын теріс қарап тарап отырған қыз маған жалт қарады. Ол Кәмшатқа мүлде ұқсамайтын еді. Басы денесінен едәуір үлкен, қоңқақ мұрын, салпы ауыз қыз маған оқтала қарағанда шүңірек көздерінен от ұшқындап, салпы аузынан үшкір тістері ақсия көрінді. Ол мені көрді де, мысықтың дау­сына ұқсас бір жабайы даусымен шыңғырып қоя берді...»

 

Осы бір сәтті көз алдыма елестеткен едім, жүрегім суылдады. Бейне бір оқиға ішінде жүргендей жаным қалмады.

 

Міне, шеберлік! Кейбіреулер жазған әңгімеге кірмек түгілі, есігінен сығалай алмайсың. Мүлдем тартпайды. Құрғақ бірдеңе. Ал Орынтай ағаның әрбір әңгі­месін оқыған соң еріксіз ойға берілемін. Яғни ол кісінің жазғандары сезім перне­лерін дөп басып, жүрек қылын тербейді.

 

Қаламгердің шығармаларындағы ең басты нәрсе – әдемі сөздер емес, тіпті сюжет те емес, сезім! Шаблонды ой, тіркестерді кездестірмейсіз. Бұл жерде шаблон деген әбден санаға сіңген жаттанды ой ғой. Мысалы, базбір ақын-жазушылар қыз келіншектерді суреттегенде, «жүзі жаңа туған айдай аппақ, пейіштен түскен періштедей, ақ сазандай былқылдаған, қасы-көзі қиылған хас сұлу» деп жатады. Осындай жаттанды теңеулерді оқығанда жыныңыз келеді. Пенде деген ешқандай мінсіз болған емес. Осыны Орынтай аға керемет түсін­ген.

 

Шын таланттар қарапайым келеді. «Мен жазушымын!» деп Орынтай аға ешқашан кеудесін керген емес. Он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла-тағала да осындай қарапайым, иманды адамдарды сүйеді емес пе?

 

Байқасаңыз, Орекеңнің сезімге бөле­мейтін әңгімелері жоқ. Терең үңілсеңіз, барлық әңгімелерінде астар жатыр.

 

Мүмкін менің жазғаным көптеген оқырмандарға қызықсыз болып кеткен шығар. Себебі ол кісінің шығармашылығынан бейхабар адамдар көп. Неге екені белгілі, насихат жетіспейді. Әсіресе қазіргі өсіп келе жатқан жастар ағамызды танымайды. Осылайша олар жергілікті журналист-жазушы Орынтай Көмеков жазған дүниелерден мақұрым қалған.

 

Мен кейде ойлаймын, неге Орынтай ағаға кітап шығарып бермеске? Тіпті қалыңдығы пышақ қырындай жұқа болса да біз секілді оқырмандарға әжептеуір олжа болар еді. Жастар құныға оқитынына сенімдімін. Осы жөнінде әдебиетке жанашыр, дәулетті азаматтар ойланса, құры ойланбай, осы олқылықты жөндесе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Абылай ЕСІМБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ