Пәктігін саудалайтындар бізге де келіп жетті ме?

18.04.2019
Қаралды: 347

«Пәктігімді сатамын». Таяуда ғана Ай­нұр Жәнібекова есімді бойжеткен «7-арна» телеарнасындағы «Өз ойым» бағдарламасында осылай деп жарияға жар салған болатын.

 

Бұл қыз аталған түсірілім барысында: «Барлығыңыз мұны жат көріп, ұят деп отырсыздар. Бірақ мұндай дүние біздің қоғамда бар нәрсе. Мысалы, менің құрбым өзінің пәктігін 2 миллион теңгеге сатты. Ол солай айтқан кезде біз онымен араласпай кеткен едік. Әлгі қыз осыдан соң қыздық пердесін қайта тіктіріп алды, артылған ақшасы қалтасында қалды.

 

Ол осыны басқа қыздарға айтқаннан кейін олар соған қызығады ғой. Мен де қалай болады екен деп ойланып көрдім. Шынымды айтайын, қыздық пердені мен қазіргі заманда маңызды деп санамаймын», – деген болатын.

 

Бойжеткен адалдығын бастапқыда 1 миллион теңгеге бағаласа, кейіннен 2 миллионға көтергенін де айтқан еді. «Болашақ тіл маманымын» деген Айнұр бұл ақшамен оқуының ақысын төлеп, сосын кәсіп ашқысы келетінін және бұл туралы анасының білетінін де жеткізген болатын. Ра­йынан қайтарғысы келгендерге: «Мен кішкентай кезімнен қиыншылық көріп өстім. Анам да қиналды. Қазір  оқуымның ақшасын төлеп жатыр. Анама көмектесемін деп жұмыс та істедім. Бірақ бәрібір ол ақша жетпейді. Оқуымның ақшасын жабуым керек. Сұраныс бар», – деген болатын.

 

Біртүрлі жаңалығымен жұртты дүр сілкіндірген бойжет­кеннің жасы небәрі 19-да екен. Осыдан соң Айнұрдың тарапына қаншама сын пікірлер айтылды. Бағдарлама соңында Жеңіс Камалиев есімді азамат: «Арыңды ақшаға сатпа, сол 2 миллион теңгені мен-ақ берейін», – деген еді. Ал Айнұр оған келіскен сыңай танытқан болатын.

 

Жақында «Өз ойымның» шынайы бағдарлама емес екендігі туралы алыпқашпа әңгімелер айтыла бастады. Сондай-ақ Айнұрдың бұл жерде рольде ойнағаны да анықталды. Осының нәтижесінде «сабақтан көп қаласың» деген желеумен бұған дейін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттің студенті болып келген оны оқудан шығарып жіберген көрінеді. Бұл туралы әлеуметтік желіде танымал әзілкеш Нұрболхан Шарапов хабарлады.

 

Айнұр мен Нұрболханның арасындағы видеоқоңырау арқылы өрбіген әңгімеде бойжеткен өзіне Марал есімді қыздың хабарласып, бағдарламаға шақырғанын және халықты шулатып, дүрліктіру мақсатында роль ойнайтынын түсіндіргенін жеткізді. Түсірілім кезінде де ол Айнұрдың ойынан айнып кетпей, соңына дейін осы ұстанымда отыруын ескертіпті. Келісім бойынша Айнұр мұны құпия түрде ұстауы тиіс екен. Олай болмаған жағдайда заң жүзінде қудаланатынын айт­қан.

 

«Мұның менің оқуыма ғана емес, өміріме де кесірі тиіп отыр. Анам да ұрысып жатыр. Бұлай болып кетеді деп ойламадым», – деп мұңын шақты бойжеткен. Айнұрдың айтуынша, арын сақтауын сұрап, 2 миллион теңгемен көмектеспек болған азамат та рольде ойнаған екен.

 

Әрине, мұны «Өз ойым» бағдарламасының продюсері Жангелді Таңатбекұлы теріске шығарып отыр. Ол талқыға түскен сауалдарға жауап ретінде: «Біз қоғамдағы бар мәселені талқылаймыз. Ойдан ешнәрсе шығармаймыз. Студияға келген кейіпкер актриса емес, біз театр емеспіз. Оған келе ғой деп ақша да төлемедік. Керісінше, студияға қонаққа келген азамат қарындасын қызғыштай қорып, «сол ақшаны мен-ақ берейін» деп жанашырлық танытты. Иә, біз кейіпкердің құрбысына көмектесе алмадық. Дегенмен оның өзін райынан қайтардық. Мұндай мәселелерде бас сауғалап көз жұмғанша, ашық күрескен абзал», – дегенді айтты. 

 

Осы бағдарламада пәктігін сатылымға қойған шетелдік сәнбикелердің де тізімін берді. Мысалы, 19 жастағы итальян­дық модель Николь пәктігін 1 миллион еуроға, 22 жастағы португалиялық Пенелопа 1 миллион фунт-стерлингке (496 миллион теңгеге жуық), ресейлік Ариана Ұлыбритания елінде жүріп 86 640 фунт-стерлингке (43 миллион теңгеге жуық), ал румындық Александр Кефрен 2 миллион фунт-стерлинг­ке (992 миллион теңгеге жуық) бағалапты.

 

Осыған қарағанда, бұл шетелден бізге ақырындап келе жатқан дерт секілді. Сондықтан қыз өсіріп отырған ата-аналар темірдей тәртіпті тәрбиенің құралы етуі керек сияқты. Әйтеуір «қоғамдағы бар нәрсені талқылаймыз» деп жүріп, жас аруларымызды жаман ойдың жетегіне жегіп жібермесек болғаны.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ