Жол бойына қоқыс тастамайықшы!

10.04.2019
Қаралды: 420

Бүгінде қай аумақта болса да көлік көп жүретін жол бойынан ағараңдап тұрған полиэтилен қалтаның, шашылып жатқан «баклашкалар» мен басқа да пластик және шыны ыдыстардың алыстан көзге ұратыны рас. Осындай келеңсіз көріністі таяуда бір азаматтар Алматы жақтан түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратты.

 

«Қазір Алматы мен Талдықорған арасындағы күре жолдың бойында жүрміз, – дейді бұл бейнежазбаны таспаға түсіріп жүрген азамат. – Ен далада кетіп бара жатып жүрегіміз ауырды. Мынау қазақтың даласы ғой, басқанікі емес, бөтендікі емес, сіз бен біздің ата-бабаларымыз мұраға қалдырған дала. Алматыдан шыққаннан көргеніміз осы, міне. Жолдың бойы түгел шашылған полиэтилен, шыны бөтелке, пластик бөтелке. Анау Досекең жинап жүр. Бірақ пиғылымыз түзелмей мұның бәрін осылай тазалап шығу мүмкін емес.

 

«Он шаршы метр жерді тазалап кетейік. Ең болмаса осындай үлес қосайық», – дейді Досекең. Бірақ пейіл өзгермесе, ниет өзгермесе, біздің дала екенін, біз осы даланың қожасы екенімізді түсінбесек, мына көзқараспен біз мынау даланы ұрпаққа аманат етіп қалдыра алмаймыз-ау. Тоз-тозы шығады мына даланың. Мына полиэтилен деген пәле жүз жылдап шірімей жата береді».

 

Осылай деген азамат әр жерде қоқыс шашылып жатқан төңіректі айнала көрсетіп жатыр. «Қазіргі кезде жолдың бо­йында көлікпен кетіп бара жатады да, барлығын тастай береді, лақтыра береді», – дейді ол.

 

Осы кезде қоқыс жинап жүрген екінші адам жақындап келеді. «Міне, 3 минутта жинағаным», – деп үйме қоқысты көрсетеді. «3 минут емес, мен жазуды бастағалы 1 минут 40 секундта жинағаныңыз, Досеке!» – деп жатыр оған бейнежазбаға түсіріп жатқан кісі. «Мынаны қараңыздаршы, не деген сұмдық мынау?! Целлофан... Мұның бәрін кімге өшігіп істейміз, не үшін істейміз?

 

Өз далаңа өзің қастандық жасау... Мынаны қараңыз: барып, ағаштың түбіне отырады, содан кейін арақ ішеді, сол жерде барлығын ластап, тастап кете береді.

 

Қазақстан үкіметі мынау полиэтилен өндірісіне тыйым салмаса, қазақ даласының түбіне, осы, міне, полиэтилен жетеді.

 

Мынаны қараңыз: көлігін жөндейді де, дөңгелегінің резинасын тастап жүре береді.

 

Жүрегіміз ауырды, ана жақтан қарап келе жатырмыз. Қазір көктем кезі, адам деген мына кең далаға, иен далаға қарап сүйсінуі керек қой. Көзі қуануы керек, ал бірақ жүрегің қан жылайды.

 

Мынадай байлық қазақтан басқа ешкімде жоқ қой. Соны осылай тоз-тоз қылып, өз үйінің төрін осылай лаңдап тастайтын біздей халық әлемде басқа бар ма екен, жоқ па екен?

 

Негізі мәдениет өзімізден басталады ғой. Тазалық, мәдениет өзімізден басталады.

 

Жүрек ауыратын көрініс емес пе, солай емес пе, ағайын? Қарап отырмыз, мінеки, жолда келе жатып, тоқташы, мына жерді бір көрейік дедік. Мынау – елді мекені жоқ, ауылы жоқ, айдала. Елді мекен мына жағында 15 шақырым, мына жағында 20 шақырым қашықта. Міне, қараңыздаршы, мынау – Досекеңнің 15-20 секундта жинағаны. Мынау не сұмдық?! Бас­қа халық өзінің қолына бұйырған байлықты сақтайды, молайтады. Біз болсақ, ен даланың, Құдайдың бізге, қазаққа берген ұлы байлығын осылай тоз-тоз қылып жатырмыз. Ә-әй, ағайын, көзқарасымыз өзгерсінші! Көлікпен келе жатқанда мына тас жолдың бойына қоқыс тастамаңыздаршы, ештеңе лақтырмаңыздаршы!

 

Мына даланың бәрін целлофан басып кетіпті. Бұл далада қазір қызғалдақ пен бәйшешек құлпырып тұруы керек қой. Ал бізде целлофан пакеттер «құлпырып» жатыр. Бұлай болмайды ғой!»

 

Міне, бұл азамат осылай дейді. Ен даладан екеулеп жүріп біраз қоқыс жиыстырғандары көрініп тұр. Осының бәрін жазбаға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің назарына ұсын­ғаны – өте құптарлық іс. Осыны көрген әр адамның көңіліне байтақ даламыздың ертеңіне деген ой түсіп, жанашырлығы оянып жатса ғой! Сонда еліміздің ішін шиырлап жатқан үлкенді-кішілі жолдардың бойы қыруар қоқыстан тазарып қалар еді-ау.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ