Қасақана кісі пышақтаған күдіктіні «үй қамағына» шығара салғандары қалай?

13.04.2019
Қаралды: 338

Таяуда Шымкент қаласында қайғылы оқиға орын алды. Осыған орай, сол қайғылы оқиға салдарынан қапияда қаза тапқан азаматтың жары, төрт баланың анасы Нұргүл Айдаралиева қазір әділдік іздеп жан-жаққа арыз жазуда. Атап айтқанда, өткен аптада ондай арыздар еліміздің Жоғарғы Соты төрағасына, Бас Прокурорына, Ішкі істер министріне, Шымкент қаласының прокуроры мен полиция департаментінің басшысына да жолданды.

 

«2019 жылғы 28-ақпан күні кешке Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Қайтпас ауылындағы №58-мектептің спорт залында Шоқан Тотыбаев менің күйеуім Самат Жұмаділовті пышақтап, күйеуім сол күні қайтыс болды», – деп жазады арыз иесі. Айтуынша, спорт залында балалармен бірге футбол ойнап жүрген күйеуіне Ш.Тотыбаев пен бір жігіт келіпті. Сол жерде Самат пен Шоқанның арасында әлденеге ерегіс туындайды да, залдан шығып кеткен Ш.Тотыбаев сырттан пышақ алып оралып, Саматқа суық қару жұмсаған, сосын оқиға орнынан қашып кеткен. Самат Жұмаділов (суретте) пышақтан алған ауыр жарақат салдарынан сол күні көз жұмған. Ал пышақтаған адам 5-наурыз күні қолға түсіпті.

 

«Бірақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруші орган Ш.Тотыбаевтың әрекетін 106-баптың 3-бөлігімен, яғни неғұрлым жеңіл баппен саралап отыр. Тергеуші онымен шектелмей, «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беруге өтініш-хатты дұрыс жазбай, Тотыбаевтың бостандықта қалуына жағдай жасады. Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы К.Анарбаев болса, адамға қасақана қаза келтірумен ұштасқан қылмысты жасады деп күдік келтіріліп отырған адамды қамаудан босатып, тек «үй қамағында» отырсын деп қаулы шығарған», – деп жазады арыз иесі.

 

Шағымданушы Н.Айдаралиеваның айтуынша, өткен 7-нау­рыз күні болған тергеу соты кезінде күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын қолдану туралы материалдар қаралған екен. Бірақ оған жәбірленуші жақ шақырылмапты. «...Жәбірленуші ретінде бізді  іске қатыстырмай, күдіктіні күзетпен ұстаудан босату туралы алдын-ала келіскен ойларын  жүзеге асырған. Бұлтартпау шарасына санкция беру туралы істі қарау барысында біздің жәбірленуші ретінде қатысып, өз пікірімізді білдіру құқымыздан айырған, бұл әрекетті әдейі жасаған деп ойлаймын», – дейді бұл жөнінде арыз иесі.

 

Бұдан әрі ол тергеу судьясының күдіктіге жақсы жағынан мінездеме бергенін айтады. «Қолына материал енді барған тергеу судьясы Ш.Тотыбаевқа қалай жақсы мінездеме беріп отыр? Судья күдіктіні бұрыннан танитын адам сияқты мінездеме берген. Осы әрекетінің барлығы тек Тотыбаевты күзетпен ұстау­дан босатуға бағытталған әрекет деп санаймын», – дейді ол. Сөйтіп, заң баптарын келтіре отырып, күдіктіге «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылуы тиіс болғанын, оның әрекеті ауыр қылмысқа жататынын айтады. «Соңы адам өліміне соқ­тырған қылмысты жасады деп танылған адам 8 – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі керек», – дейді ол.

 

Жәбірленуші жақ судья К.Анарбаевтың күдікті Ш.Тотыбаевты қамаудан босатқанымен келіспей, Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасына шағымданған екен. «Біздің шағымымызды қараған апелляциялық сот судьясы Н.Әуезов тергеу судьясының әрекетіне «өте дұрыс жасаған» деп баға беріпті. «Тотыбаевты қамауға алуға негіз жоқ, себебі тергеуші қаулыны дұрыс жазбаған», – деп бар кінәні тергеушіге аударып, Тотыбаевтың «үй қамағында» болғаны дұрыс деп қаулы қабылдады. Ал «үй қамағы» туралы қаулысында тергеу судьясы Тотыбаевтың тек түнде ғана үйінде болуын көрсеткен, қалған уақытында қалағанынша серуендеп, ойына келген әрекеттерді жасап жүруіне мүмкіндік беріп отыр», – деп жазады жәбірленуші Н.Айдаралиева.

 

Ол куәлердің жауабы кезінде күйеуі Самат Жұмаділовті кү­дікті Шоқан Тотыбаевтың қуып жүріп, ол құлаған кезінде пы­шақ­тағаны, сосын оқиға орнынан қашып кеткені белгілі бол­ғанын айтады. «Осы қайғылы оқиғаға қатысты қозғалған іс бас­тала салысымен-ақ ол бұрмалаушылыққа түсіп отыр», – дейді.

 

Қысқасы, шағым иесі Нұргүл Айдаралиева күйеуінің қазасына себеп болған адамның жауапкершіліктен құтылып кетпеуін қадағалауға алуды, оған «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын қолдануды, сонымен қоса күдіктіге дұрыс шара қолданбаған тұлғаларды жауапқа тартуды сұрайды.

 

Қайғы жұтып, қара жамылып отырған, айдың-күннің аманында өзі жесір, төрт баласы жетім қалған ананың зарына құзырлы орындағылар құлақ асатын шығар деп ойлаймыз.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ