Қасиетті қалада төрт балалы отбасы қарауылханада тұрады

19.03.2019
Қаралды: 452

«Замана» газеті тұрмысы төмен отбасылар туралы ұдайы жазады. Сол жанұялардың көпшілігін қинайтыны – баспана жайы. Үйден үйге көшіп, берекесі кетіп жүрген жанұялар бүгінде жетіп-артылады. Солардың бірі Түркістан қаласында тұрады. Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған бұл келіншек оның себебін «күйеуім намыстанады» деп түсіндірді.

 

Бұл отбасыда төрт бала бар. Үлкені 7 жаста болса, одан кейінгісі 5-те, тағы бірі 3-ке келген, ең кішісі 1-ге толыпты. Қазір олар үлкен бір ғимараттың шағын қарауылханасын паналауда. Бұрын тойхана болған әлгі ғимаратты екі бірдей мекеме жалға алып отырған көрінеді. Жолдасы осы жердің қарауылы әрі от жағушысы. Сол жұмысына айына 30 мың теңге жалақы алады екен. Бұл отбасыда басқа кіріс көзі жоқ. Төртінші баласын 2018-жылы босанған келіншек жөргекпұл мен баланың бір жасына дейінгі ақшасын алғанымен мемлекет тарапынан берілетін ай сайынғы жәрдемақыға ілікпепті. Оның себебі, 2018-жылдан бастап төрт балалы аналардың көп балалылар статусына енбеуі екен.

 

«Біз мұнда әзірге тегін тұрып жатырмыз. Иесі пәлен күні шығасыңдар демегенімен бұл қарауылхана өте апатты жағдайда тұр. Қабырғалары жарылған. Бір күні құласа, үйіндінің астында қалып кетеміз бе деген қорқыныш бар. Бірақ басқа барар жер, басар тауымыз болмаған соң осы жерді паналауға мәжбүрміз.

 

Пәтер жалдап тұруға шамамыз келмейді. Ол үшін айына 15-20 мың теңге төлеуіміз керек. Жалдасақ та иелері «балаларың ауланы ондай қылды, үйді мұндай қылды» деп көп ұзамай бізді көшіріп жіберуге тырысады. Олар әлі кішкентай болғандықтан қимыл-қозғалысы көп. Оны пәтер иелері жақтыра бермейді. Оның үстіне балаларың көп деп бізді кез келген пәтерге кіргізе бермейді.

 

Үйден үйге ауысып, сегіз жылдай жүрдік. Әуел баста айына 5 мың теңге беріп, бір бөлмелі пәтерде отырдық, кейін оны 10 мыңға көтерді. Түркістан облыс атанған соң мұндағы пәтерақы құны бірден 15-20 мың теңгеге көтерілді. Бұл бізге ауыр тиетін болғандықтан ол жерден көшуді шештік. Баратын жеріміз болмай, қайда, кімге барамыз деп арзан пәтер іздеп көше кезіп кеттік. Содан егесіне жалынып-жалбарынып жүріп, 2018-жылдың қыркүйек айында осында көшіп келдік», – дейді төрт балалы келіншек.

 

Қазір шағын ғана осы қарауылханада құлағалы тұрса да жолдасы және өзі төрт баласымен бірге күн кешуде. Басқа жерге кетуге қалта көтермейді. Әрине, 30 мың айлық неге жетсін? Оның үстіне жолдасының денсаулығы да мәз емес көрінеді. Ауыр жұмысқа жарамайды. Екі бүйрегі мен аяғы ауырады екен. Келіншегі оны емдетуге  қаражат жағы қолбайлау болып жатқанын айтады.

 

«Соңғы екі жыл көлемінде қатты ауырып қалып жүр, бүйрегім ашыды, шаншыды деп көп жатып қалады. Бір жыл бұрын дәрігер қабылдауында болған, суықтаған деп ем жазып берген еді. Ол кезде де тиісті дәрі-дәрмегін сатып ала алмадық, Сөйтіп ол қара жұмысқа қайта шығып кеткен болатын. Одан кейін дәрігерге барған жоқ. Қаралуы тегін болғанымен, дәрі-дәрмегін сатып алу да қаржыға кеп тіреледі емес пе?» – дейді жас әйел. 

 

Дәл қазір үйінде бір тиыны да жоқ екенін сөз еткен келіншек күндіз-түні балаларының ауырмауын тілейді екен. Ондай жағдайда дәрі алатын ақшасының жоқтығын айтады. Келген ақшаның кетуі де тез дейді. Балаларына киім әпермейтіндігін, олардың көп уақыттан бері жаңа киім көрмегенін, біреудің берген киім-кешектерін киіп жүре беретіндігін де жасырмады. 

 

«Түркістан қаласының әкіміне бірнеше рет барып, жағдайымды айттым. Ондағылар азық-түлік бергізді және бірінші сынып оқитын ұлымды мектепте берілетін ыстық тамаққа іліндірді. Сондай-ақ баламның мектеп формасын, қағаз-қаламын алып берді. Мен ондағыларға бізді әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тізіміне қосуын сұраған едім. Олар «комиссия жібереміз» деген болатын. Сол комиссияны күте-күте екі көзіміз төрт болды. Бара қалсам, «тағы келдің бе» деп жақтырмайды. «Асыраушың бар ғой» дегенді айтады. Асыраушымның табысы неге жетеді? Денсаулығы болса анау. Қатты қиналып кеттім», – деп көзіне жас алды жас ана.

 

Ара-тұра мешіттен азық-түлік беріліп тұрады екен. Бүгінде соны талғажау етіп отырғандарын айтады. 

 

«Қазір біз үшін ең бастысы – баспана. Қинайтыны да осы. Бір күні мына жерден шығыңдар деп қалса, қайда барамыз? Ол кезде не істейтінімізді де білмейміз. Үй­сіздік мәселесі жанымызға қатты батып кетті. Әркімнің есігінде жәутеңдеп жүруден шаршадық. Балаларым да аулада еркін жүре алмайды, асыр салып ойнай алмайды. Бізге көмектесем деген азаматтар» болса, үй кезегіміз келгенше отыра тұруға баспана бере алатын қайырымды жандар болса қуанар едік. Алладан қайтсын дер едік. Баспана жағы шешілсе, қуаныштан жүрегіміз жарылатын шығар», – деді ол сөз соңында.

 

Бұлар үй кезегіне былтыр тұр­ған, қазір тізім бойынша 5147-ші екен. Осыдан 8-10 жыл бұрын тұрғандардың баспанаға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай жүргенін білетін ол жуық арада үйлі болатынына күмәнмен қарайды.

 

Ел арасынан бұл жанұяға жаны ашыған жомарт жандар табылып, көмек қолын созамын деп жатса, біз оларды осы отбасымен байланыстыра аламыз.  Әйтеуір бір отбасының болса да мәселесі ше­шіліп жаста, нұр үстіне нұр емес пе? 

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ