Оюлы аяқ киім тігеді

18.03.2019
Қаралды: 583

Елімізде аяқ киім өнеркәсібі жете дамып кетпесе де аяқ киім фабрикалары жоқ емес. Десе де көпшіліктің отандықтан гөрі шетелдік өнімге көбірек құмартатыны бар. Бұл саланың әлі күнге дейін кенжелеп келуінің бір себебі де осында болар. Дегенмен осы салаға өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтарымыз да баршылық.  Қолдағы өнерін пайдаланып, отандық өнімді шығаруды қолға алған азаматтың бірі –  Нұржан Сейітжан.

 

Н.Сейітжан 2008-жылы Қытай елінен көшіп келген. Ол 2009-жылы осы кәсіппен айналысуды жөн көріпті. Қазіргі таңда ол ашқан цехта 6 адам жұмыс істейді. Мұнда ерлердің, әйел­дердің, балалардың жаздық, күздік, қыстық аяқ киімдері өнді­ріледі. Ерекшелігі сол, цех жұ­мыс­шылары аяқ киімдерге ою салып тігеді екен. Бұлардың материалы – таза былғары. Негізгі шикізатты Талдықорған, Тараз қалаларынан алдыратын көрі­неді.

 

«Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылына келіп, цех ашқаныма бір жылдай ғана уақыт болды. Әу баста кәсібімді Талдықорған қаласынан ашқанмын. Оюлы аяқ киім жасай бастағанымызға да көп бола қой­ған жоқ. Қазақ болған соң оюға жақын адамбыз ғой. Бірде ою­мен тігіп көрейік деген ой келді.  Байқасақ, сұраныс та бар екен.

 

Мұндай аяқ киімдерге көбіне бишілер, асабалар сахнаға, концерттерге кию үшін тапсырыс беріп жатады. Сондай-ақ Наурыз мерекесіне орай сұраныстар көбейеді. Дегенмен оюы жоқ аяқ киімдерге қарағанда бұған тапсырыс аздау түседі. Себебі мұны күнделікті өмірде кие бемейді. Көбіне-көп ұсақ оюларды қолданамыз. Оларды аяқ киімге қалай жарасады, солай оямыз. 

 

Біз аяқ киімдерді тапсырыспен және кез келген үлгіде тігеміз. Ол бір дана немесе он дана, оюмен немесе оюсыз болуы мүмкін. Кім қандайын қалайды, өз таңдауына қарай жасап шығарамыз. Үлгісіне қарай әр аяқ киімге әртүрлі уақыт жұмсалады. Біріне 3 сағат кетсе, бірін 1-2 күн тігуіміз мүмкін.

 

Халық әлі үйренбей жатыр. Барлығы станокпен емес, қол күшімен жасалатын болғандықтан жұмыс баяулау. Сондықтан күніне 5-6 данадан артық тікпейміз. Одан көп тапсырыс алуға әзірге өзіміз де дайын емеспіз», – дейді Нұржан.  

 

Әзірге бұл тауарлар Қазақстан бойынша тек Алматы қаласына ғана таралуда. Сондай-ақ Қытайдан тапсырыс берушілер де жоқ емес екен. Олардың қатарында тек қытайлар ғана емес, өзіміздің қандастарымыз да бар көрінеді. Нұржан олардың көбіне-көп оюы жоғын сұрататынын және өнімнің сапасына қызығып сатып алатындығын айтады.

 

«Қазір жан-жаққа жарнама жасап, тапсырыс көлемін ақырындап ұлғайтып жатырмыз. Алдағы күндері қажетті жабдықтармен толығып, цехты үлкейтсек деген жоспар бар. Содан соң өз өнім­дерімізді Қазақстанның барлық қалаларына тарататын боламыз», – дейді Нұржан.

 

Цех басшысы өнімдерінің өте сапалы екендігін айтады. Табаны қайыс теріден жасалатын бұл аяқ киімдердің бағасы да қол­жетімді. Балалардікі 5 мың теңгеден, ерлердікі 10 мыңнан, әйел­дердікі 15 мың теңгеден басталатын көрінеді.

 

...Иә, кәсіптің көзін тапқан адам­ға оны жүргізу аса қиындық тудырмасы анық. Жарты жолдан тоқтап қалмай, оны дамыту да кәсіпкердің өз қолында.  Нұржанның арқасында мұндай дүниелер  болашақта еліміздің брендіне айналып жатса, керемет емес пе?!  

 

М. БИБОЛ.

Нұржан Сейітжанның байланыс телефоны: 8-707-129-74-00.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ