Наурыз айында ағзада қандай өзгерістер орын алады?

06.03.2019
Қаралды: 1147

Тоқтаусыз жылжып жатқан уақытпен 2019-жылдың екінші айын аяқтауға жақындадық. Көктем келер күн алыс емес. Оға санаулы ғана күн қалды. Наурыз – иек астында. Астрологтар бұл айдың қай күні жайлы, қай күні қолайыз екенін есептеп көрген екен. «Ауырмаңыз!» газетінің оқырмандары да бұл жайлы біле жүрсін деген оймен біз осы болжамдарды ықшамдап аударып ұсынып отырмыз.

 

Ресейлік астролог Инна Чувашскаяның айтуынша, 1-5 наурыз аралығында Ай кішірею кезеңінде болады екен. Ал 6-наурыз күні жаңа ай туады. 21-іне Ай толады. Ары қарай – 22-сінен бастап қайтадан кішірею кезеңіне өтеді. Осы аталған күндері адам иммунитеті әл­сіреп, себепсіз шаршау, қалжырауды сезінеді дейді астролог. Өйткені бұл күндері ағзадағы зат алмасу нашарлап, созылмалы аурулар сыр беретін көрінеді. Айдың ағзаға әсерін есептей келе, астролог ағзаны нығайту, созылмалы аурулардан емделуге 7 – 20 наурыз аралығы қолайлы депті. Жоспарлы отаны да осы күндер аралығында жасатса сәтті болатынын ескертеді.

 

Негізі астрологтар Айдың туу мен толу аралығын төрт кезеңге бөледі: кішірею, жаңа ай, толу, толған ай кезеңдері. Осының әрқайсысының ағзаға өзіндік әсері бар.

 

Ағзаны тазартуға таптырмас уақыт

 

Наурызда Айдың кішірею кезеңі 1 – 5 және 22-31 аралығында өтеді. Мұны теңіздегі судың толып және тартылуына ұқсатуға болады. Яғни осы күндері ағзадағы сұйықтық мөл­шері едәуір кемиді. Онымен бірге тәбет қашып, қуат азаяды. Адам қалжырайды. Бірақ мұны тиімді пайдалануға болады екен. Ағзаны қалдықтар мен токсиндерден тап осы күндері тазартса, нәтижесі тиімді болатын көрінеді. Мысалы, іш қатуынан зардап шегетін адамдар ішті жүргізетін тұнба ішсе, оның әсері басқа кездегіден жақсырақ болмақ. Асқазанды шаю, клизма жасау, буға түсу арқылы терлеу, балғын жеміс­терден жасалған шырын немесе газсыз минералды су ішу токсиндерді қуып, артық майдан арылуға кө­мектеседі. Астролог Ай кішіреюінің соңғы 3 күнінде таңертең, түсте және кешке ішке пресс жасаудың тиім­ділігіне ерекше тоқталыпты. Әсіресе мықын, қарын тұсына май жинал­ған  адамдар бір ай бойы жаттығу жасағанмен тең нәтижеге қол жет­кізеді екен.

 

Жасушалар жаңара бастайды

 

Наурыздың 6-сына Жаңа ай туады. Ағза әлсіз, адам әлжуаз, тез шаршағыш, сіркесі су көтермейтін кез. Барынша ұстамды болыңыз. Табиғи мүм­кіндікті пайдаланып, ағзаны тазарту жұмысын жалғастырған жақсы. Таза, газсыз минералды суды жиірек ішу керек. Қалжырай шаршаудан сақтаныңыз. Майлы асты мей­лінше шектеп, суға және буға піскен ас,  жарма ботқасын, күніне бір дана болса да алма немесе банан, ірімшік жеу өте пайдалы. Әрине, тәбет қуаты мол, майлы, қуырылған асқа тартатыны сөзсіз. Бірақ ұстамды болып, ағзаны, оның әрбір жасушасын витаминмен толықтырған жақсы. Сонда ағза жасушаларының жаңарып, жасару процесіне үлес қосасыз.

 

Дәрі ішкенде сақ болыңыз

 

Үшінші кезеңде Ай тола бастайды. Соған сай ағзада сұйықтық көбірек түзіле бас­тайды, адам қуаты артады. Осы кезде витамин қабылдаса, тиімділігі зор.

 

Осы кезде алған білім де санаға тез сіңеді. Яғни ағза толысу, даму үстінде болады, барлық нәрсені өзіне сіңіріп алады. Бұл Ай толғанға дейін жүретін процесс. Ол 21-іне дейін жалғасады. Бір-екі кило салмақ жинауды, иммунитетті көтеруді көздегендер осы күндерді кәдеге асырғаны жөн. Ал толысуға бейім адамдар тәбетті тежеп, килокалорий мөлшерін қадағалауы тиіс.

 

Айтпақшы, астролог Айдың толысу процесі кезінде дәрі-дәрмек қабылдауда  сақ болу керек дейді. Себебі оның жанама әсері бес есеге дейін артатын көрінеді.

 

Ота жасатуды да қауіпті санайды. Өйткені ағзада қан мөлшері де артады, онда сұйықтық көп болуына байланысты оның ұю қасиеті төмендейді екен. Дегенмен шұғыл отадан бас тартуға болмайды. Ал жоспарлы отаны сәл шегере тұ­руға кеңес береді.

 

Жүйкенің ширығуы байқалады

 

Наурыздың 21-іне Ай толады. Бұл ағзада сұйықтық барынша мол, күш-қуат артып, энергетика тасып, тіпті ширығып тұратын кез. Жүйкесі жұқа адамдардың шырт етпе – тез тұтанғыш болуы осы кезде байқалады.

 

Зерттеулер Ай толған кезде жол апаты басқа кезден көбірек орын алатынын дәлелдеген. Келіспей қалу, ұрсу, ойланбай жасалған қате қадам, қажет­сіз затты сатып алу немесе саудада ұрынып қалу да осы кездерде көбірек орын алады екен. Әйел адамдар балаларға, отбасы тірлік­теріне көңіл аударуға көп күш-қуат жұмсайтындықтан артық энергтикадан зардап шек­пейді. Ал ер адамдарда жүйкенің ширығуы қаттырақ байқалады. Сондықтан бұл кезде қуатты еселейтін етті шектеп, көкөніс, жеміске басымдық бергені дұрыс екен.

 

Ай туған кездегі сияқты, толу-ширығу да тым ұзаққа созылмайды. 22-наурыздан бастап Ай қайтадан кішірею кезеңіне өтеді.

 

...Міне, Ай мен ағза арасындағы байланыс наурызда осындай жайлармен білінеді екен. Аса сезімтал адамдар мұны тез байқайды. Ұстамды, сабырлы, жүйкесі мықты адамдарға бұл онша сезіле бермеуі мүмкін. Әйткенмен қай кезде де сабырлы болуға тырысыңыз.

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ