Қыс ауасында қыспаққа алғандары қай сасқандары?

15.02.2019
Қаралды: 610

«Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде Түркістандағы сүрілетін үйлердің жай-жапсары, халық пен басшылықтың арасындағы орын алып жатқан дау-дамай туралы жазған болатынбыз. Сондай-ақ қала орталығындағы Иассауи мешітінің маңына мәдени нысандар салу мақсатында сол жердегі 168 үйдің сүрілетіндігін, алайда үй бағасына көңілі толмай отырған жергілікті халықтың ой-пікірлерін де берген болатынбыз. Дегенмен бұл даудың соңы жуық арада көріне қоймайтын секілді.

 

Баға мәселесіне қатысты жанайқайын жеткізушілердің бірі – Күлзия Ахметова.  Жасы 40-тан асқан ол алты баланың анасы. Мешіттің қарама-қарсы бетіндегі 2004-жылы салынған, алты соттық жері бар екі қабатты үйін небәрі 12 миллион теңгеге ғана бағалады деп наразылық танытуда. «Түркістан облыс атанғалы  бері баға шарықтап кетті. Ол ақшаға мен қандай үй аламын?!» – деп ашынады ол. Ары қарайғысын Күлзия ханымның өз аузынан тыңдасақ.

 

«Өткен жылдың желтоқсан айында әкімдіктің адамдары келіп қаңтардың 17-не дейін осы маңдағы үйлердің сүрілетіндігін айтқан болатын. Содан бері осы маңнан көшкені 20-ға жетер-жетпес отбасы ғана шығар. Әлі 40-қа жуық отбасы кетпей отыр. Солардың арасында өзіміз де бармыз. Біз «үйді бермейміз, қарсымыз» деп отырған жоқпыз, «Түркістан дамымасын, көркей­месін» демейміз. Бар айтарымыз, тек баға жағын дұрыстаса екен дейміз. 

 

Жұмысымыздан алыстамайық деп маңайдан қарастырып көрсек, Тельман жақтағы құзданып тұрған үйлердің өзі 24-25 миллионнан түспей тұр. «Үйлерің ескі ғой» дегендерге «біздікі орталықта орналасқан» деп уәж айтады.

 

Осы жағдайымыздан әкімшілікке де айттық. Оларға: «Бағаны басқа жақтан үй ала алатындай етіп есептеп берсін, содан соң біз шығамыз да кете бере­міз», – дедік. Ал ондағылар: «Онда мәселені тек сот арқылы ғана шеше­міз», – деп отыр. Мейлі, сотқа барсақ, барайық. Біздің де жанайқайымызды тыңдар құлақ табылар. Соттан жеңіл­ген күнде де үйді дұрыс бағалама­йынша ешқайда шықпаймыз. Не ары, не бері боламыз. Бұл үкіметтен берілген үй емес қой, өз маңдай терімізбен салынған жекеменшік баспанамыз.

 

«Спецшколаның» жанында ескі үйлер бар. Соның бірінде 18-19 жас шамасында болуы керек, екі жігіт ұйықтап жатқан екен. Тарсыл-гүрсілдің дау­сынан оянып кетіп, далаға атып шықса, үйді шатырынан бастап бұзып жатыр екен. Ешқандай ескерту беріл­меген. Бұлар: «Ішіндегі дүниемізді алып шығуға да мұрша бермеді», – деп жылады. Олардың үйлерін сүріп тастады. Анасының денсаулығы дұрыс емес, қысылып құлап қала беретін көрінеді. Әкесі Атырау ма, Ақтау ма, нақты біл­меймін, алысырақ бір қалада жұмыста екен. Қазір аналарымен бірге тұр­мыс­тағы қыздың қолында тұрып жатыр. Осындай жағдайлар орын алғаннан кейін біз де ашынамыз.

 

Қасымызда жалғыз тұратын бір татар кемпір бар еді. Үйі 11 миллион 800 мыңға сатылды, бірақ қолына 8,5 миллион берді. Өтірік-расын білмейміз, бірақ 30 пайызын банк басып қалды дегенді айтыпты. Алған үйінің қожа­йыны күн жылығанда босатамын деп көше қоймаған. Содан әлгі кемпір сің­лісінің үйінде біраз жүрді. Ал бүгінде ол қаңғырып көшеде жүр.

 

Көршіміздің үйі бар еді. Олардікі – бір жағында бір отбасы, екінші жағында екінші отбасы тұратын баяғы үкі­меттің кезіндегі үй. Сол үйдің бір жартысына 2 миллион 200 мың теңге, екін­ші жартысына 7 миллион 500 мың теңге беріпті. Оның бірі екі балалы жас жан­ұя болса, екіншісі мылқау баласы, келіні және немерелері бар кемпір. Олар да баспанасыз, пәтерде жүр. Көктемде үй саламыз дейді. Бірақ берген ақшаға жер де ала алмайды ғой. Жер телімінің бағасы 4-5 миллион, ең арзаны 3 миллион теңге болар, онда да шеткі жақтардан алуға болады. Осы тірлікті тым құрығанда күн жылыда қозғаса, жұрт үй салуға әрекет жасар еді ғой. Адамдарды қыстыгүні көшіріп отырғаны қалай?

 

Алматыдан мүлік құнын бағалаушы бір жігіт келді. Өзі арақ сасып жүреді, ішіп алады. Сол жігіт үйлердің бәрін ең төменгі бағамен шығарып берді. Ақыры халық: «Неге төмен есеп­тей­сің?!» деп қыспаққа ала бастаған соң Түркістанды желкемнің шұқыры көрсін деп кетіп қалды. Енді өзіміз бағалаушыларды Алматыдан, Астанадан жалдайық десек, 200 мың теңгеден кем сұрамайды. Ақшасы барлар 150 мың төлеп адвокат та жалдап жатыр. Бірақ біздің оған шамамыз келмейді.  

     

Тұрғындар болып, өткенде Астанаға арыз жаздық, сол жақтан жауап күтіп отырмыз. Оған қарап отыра бермейміз, арызымызды одан әрі ЮНЕСКО-ға, БҰҰ-ға да жазбақпыз. Бізге әділ шешім шығады деп сенеміз», – дейді Күлзия ханым.

 

Бұл кісілердің уәжіне басшылар құлақ асатын шығар деп ойлаймыз. Екі тарап келісімге келіп, дау оңды шешімін тапқаны дұрыс қой. Халықты зар илетіп қаланы жаңғыртпай-ақ қой­сақ қайтеді?

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ