Қала орталығынан 168 үй сүрілетін болды

05.02.2019
Қаралды: 707

Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Қаланың тарихи-рухани орталығы саналатын аумақтағы тұрғын үйлер сүріліп, орнына мәдени нысандар салынатын болды. Кешегі аптада жолымыз түсіп, «Әзірет сұлтан» кесенесіне барғанымызда біз ол жақта жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрдік. Сонда естіген-білгеніміз жөнінде жұртшылыққа жеткізуді ойға алған едік.

 

Бүгінде А.Иассауи кесенесіне жақын маңда орналасқан үйлерді бұзу жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы 168 үй сүріліп тасталатын болды. Бұл жөнінде арнайы қаулы шығыпты. Үй иелеріне тиесілі өтемақылар берілуде екен. Біз сондай азаматтардың бірқатарын  сөзге тарттық.

 

Жалпы, бұл аумақта тұрған үйлердің басым бөлігі 1970 – 1980-жылдары салынған. Бұрынғы әскери көлік жүргізушілерін даярлайтын мектеп (ДОСААФ) ғимараты толықтай бұзылыпты. Оның төңірегіндегі бірнеше үйлер де сүрілуде. Тұрғындардан білгеніміз,  бағалау комиссиясы үйдің құнын оған жұмсалған құрылыс материалдарына, үйіргелік жер аумағының көлеміне қарай есептеп шығарып жатыр екен. Мысалы, жер телімі 10 соттықтан асатын, түрлі қосымша құрылыстары, қора-қопсы, гараж, моншасы бар, шлакоблоктан немесе күйдірілген қыштан салынған болса, ондай үйлер 15 – 20 миллион теңгеге бағаланады. Ал жер көлемі 5 – 10 соттық арасындағы, кесектен салынған ескі үйлер 5 – 10 миллион теңгеге бағалануда екен. Мұндай бағаға кей тұрғындар келіскенімен, кейбірі келіспей, наразы болып жүр.

 

Мәселен, қаланың Міртемір көшесіндегі №15-ші үйдің Хасан есімді тұрғынының (суретте) айтуынша, ауласында Қожа Ахмет Иассауидің жиендері жерленген көрінеді. Сондықтан Хасанның ол жерден көшкісі келмейді екен.

 

Ал Жауқашты батыр көшесіндегі №7-ші үйдің тұрғыны Индира Бәкенова сүрілуге тиіс үйі үшін 2 миллион 200 мың теңге беріліп отырғанын айтады. «Мұндай ақшаға үй табу мүмкін емес қой. Барак типтес үйдегі баспанамыздың аумағы 31 шаршы метр болатын. Салынып жатқан үйлерден аумағы осындай пәтер берсе дұрыс болар еді», – дейді ол.

 

Қаланың 72 жастағы тұрғыны Сырғакүл Пернееваның үйі үшін берілген төлемақыға көңілі толады екен.  Ол кісі өзіне берілген қаржыға қаланың жаңадан ашылған «Мегаорталық» аумағынан жаңа үй сатып алыпты.

 

Жалпы, өтемақы жер аумағының әр соттығы үшін 515 мың теңгеден есептеліп бөлініп жатыр екен. Мысалы, үй 10 соттық жерде орналасқан болса, ол үшін 5 миллион 150 мың теңге өтемақы беріледі. Үйдің өзіне, қосымша құрылыс нысандары болса, оларға да ақша бөлек есептеліп төленеді.

 

Жергілікті атқарушы билік үй иелерінің көшіп-қонуы­на, бұзылған үйінің құрылыс материалдарын тасып алуына көлік бөліп отыр екен. Ол тегін қызмет көрсетеді. Сондай-ақ басшылар қаладағы сатылатын үйлердің тізімін де жасап қойыпты. Яғни үй іздеушілерге бұл жағынан да көмек бар. Дегенмен өз беттерімен ізденіп жатқандар, риэлтор жәрдеміне жүгінушілер де аз емес сияқты. Әйтеуір жұртшылық әрекетін жасап, абыр-сабыр болып жүр.

 

Ал аталған үйлер сүрілген аумақта келешекте жаңа нысандар пайда болып, ажары ашыла түсері сөзсіз. Ең бастысы, адамдар қапа болмай, әбіржімей баспаналы болып жатса, сол жақсы ғой.

Бақытжан НҰРСЕЙІТОВ.

Түркістан қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ