Бауырға не пайдалы?

29.01.2019
Қаралды: 1613

«Ауырмаңыз!» газетінің тұрақты оқырманы, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Бердалы Үсенов «Бауырды сау қалпында сақтау үшін қандай амалдар жасаған жөн?» деген сұрақ жолдаған екен. Алматылық Дариға Бердіқұловадан да Ayurmanyz@maіl.ru электронды почтамызға осындай сауал келген болатын. Бауырды сау қалпында сақтауды ойлаған оқырмандарға біз емші-зерттеуші Сейітқамза Қалиевтің мына рецепттерін ұсынғанды жөн көрдік:

 

Шомыр. Адам бауыр циррозымен ауырғанда оған әртүрлі дәрі-дәрмектерден шипа болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда емге шомырды (редька) қолданып көріңіз. Ол өт пен асқазан шырынының бөлінуін реттеп, ас қорытуды оңдайды.

 

Ем үшін 10 грамм қосүйлі (аталық және аналық) қалақай (крапива) жапырағы, 20 грамм итмұрын (шиповник) 20 грамм бидайық (пырей) тамырын араластырыңыз. Осы қосындының 1 ас қасығын 1 стакан суға салып, 10-15 минут қайнатады. Сүзіп кеселден айыққанша күн са­йын 1 стаканнан 2 мезгіл ішу керек. Бірақ жүрегі мен ұлтабары ауырып, асқазанда жоғары қышқылды гастриті, жарасы барларға бұл ем жақпайды.

 

Бал. Балды әсіресе бауыры және өт жолы ауыратын адамдар көбірек тұтынса жақсы. Оны белгілі бір мөлшерде ақ ірімшікке (творог), сәбізге, лимон шырынына қосып жеген дұрыс. Кейде тұрыптың (репа) ішін үңгіп, оған балды толтырып құйып, үш-төрт сағаттан соң дайын болған шырынды ересек адамға ас қасықпен, жас балаға шай қасықпен күніне 2-3 рет беру керек. Ол өт жолы мен бүйрекке құм, тас жиналудан сақтайды.

 

Грек жаңғағы. Ол жалпы нығайтқыш, қабынуға қарсы, бактерицидтік және қан тазартқыш сипатқа ие, өт айдайды, бауырды патологиялық әсерлерден қорғайды, бауыр шаншуын жақсы басады. Оны балмен араластырып, жеке өзін жеп жүрудің зияны жоқ.

 

Сұлы. Бауыр ауырғанда сұлыдан қайнатпа жасап ішеді. Жуылған сұлыдан 2 ас қасық алады, оған 2 стакан қайнаған су құйып, 10 минут әлсіз отта қайнатады. Сосын оның 150 грамын сүзіп, жылыдай ашқарынға ішеді. Оған қырмызыгүл (календула) тұндырмасынан 15 тамшы қосуға да болады. Қалған сұлы мен суды тағы да 20-30 минут қайнатып, екі сағат тұндырады да, сүзіп алып, соның 150 грамын асң алдында ішеді.

 

Егер бауыр қалыпты жұмыс істесе, ағзаның иммундық жүйесі жақсы жұмыс жасайтын болады. Сондықтан бауыр­ға бекем болайық, ағайын!

 

Ш. МӘЛІК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ