Букмекерлік кеңселерді жабу керек деп есептеймін

15.12.2018
Қаралды: 414

Бүгінде Шымкентте «Олимп», «Зенит», «Гол+Пас», «Фэйр Плей» секілді түрлі букмекерлік кеңселер бар. Ол жерден адам үзілмейді. Бәрі «ставка» қою үшін келеді. Бірақ сол «ставка» арқылы табыс тапқан жанды естімеппін. Керісінше, құмар ойынға беріліп, талай отбасының ойран болғанын естіп жүрміз.

 

Ана бір жылы бәс тіккен бір азамат өзіне-өзі қол жұмсағанын да білеміз. Мұндай орталықтарда жастар көп жүретінін де байқаймыз. Қаракөз қыздарымыз кассада отырады. «Ставка» қоюды үйренген олар айлық алмайтын жағдайға жеткен. Бар тапқанын еселеп аламын деп бәске тігіп жіберіп, құр босқа жүр. Ата-анасы оқуға деп берген ақшасын букмекерге құртып, оқуы жайына қалып, ішімдікке салынады, темекі де шегеді. Букмекерлік кеңселердің пайдасынан зияны көп. Осы уақытқа дейін талай адамға зиянын келтіріп үлгерді. Бұларға шектеу қою керек.

 

1. ҚР «Ойын бизнесі туралы» Заңының 11-бабында ойын мекемелерінің қайда орналасуы керектігі анық жазылған.

 

Ойын мекемелері, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассалары тұрғын емес үй-жайларда орналастырылуға тиіс. Оларды тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) тұрғын емес үй-жайларында, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат үйлерінде (құрылыс­тарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңы қатынастарындағы қоғамдық көліктің барлық түрлерінің станциялары мен аялдамаларында орналастыруға тыйым салынады.

 

2. Букмекерлік кеңселер еліміздің әлеуметтік мәселесіне де көп зиян келтіруде. Қаншама адам зардабын шегіп, талай адам қор болды. Оңай олжа табамын деп, жолы болмай ызақор, күйгелек күйге түскендер көп.

 

3. Экономикалық жағынан қарасақ, мемлекетіміздің миллиондаған ақшасы шетелге кетіп жатыр. Мысалы, бір ғана Головкиннің бокс кешінде мыңдаған қазақстандық 100 миллиондап, долларлап «ставка» қойып, шетелдің кәсіпкерін байытуда. Әлемде болып жатқан футбол, теннис, тағы басқа ойын түрлерін айтпағанның өзінде. Оның үстіне бұлар тәулік бойы жұмыс істейді. Еліміз инвестиция тартумен әлек, ал бұлар ақшаны тек сыртқа шашуда. Себебі кеңсе қызметін шетелдіктер басқарады.

 

Шымкенттегі заңсыз орналасқан барлық букмекерлік кеңселерді құзырлы органдар тексеріп, түгел жабуы керек деп есептеймін.

 

Нұрғазы БҰХАРБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ