101 жастан асқан әже

30.12.2018
Қаралды: 249

Шымкенттегі Абай ауданы әкімі аппаратының, аудандық ардагерлер кеңесінің қызметкерлері мен мешіт имамдары аудан аумағында тұратын жасы 100-ден асқан аналарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ғасырдан аса ғұмыр кешкен әжелер өздеріне қуаныш сыйлаған жандарға алғыстарын айтып, баталарын берді.

 

«Абай ауданы Шымкент қаласындағы аумағы ең үлкен аудан саналады. Содан болар, бізде жасы 100-ден асқан әжелер баршылық. Біз ондай аналарды жыл сайын құттықтап тұрамыз. Бұл жолы жасы 100-ден асқан 6 әжейдің үйлеріне бардық. Ұйымымызда 50 Алтын алқа ие­герлері және 100-дей Күміс алқа иегерлері тіркелген. Аудан аумағындағы қараушысы жоқ аналар­ға да қамқорлық көрсетіп тұрамыз», – дейді Абай ауданындағы «Әжелер» алқасының төрайымы Бибіфатима Хамитбекова.

 

Ол кісілер құттықтаған әже­лердің бірі –  Орынгүл Әділбе­кованың жасы 101-де екен. Біз телефон нөмірін алып, әжейдің үйімен хабарластық. Телефон тұтқасын Орынгүл әжейдің келіні Ұлсара апа алды.

 

«Апам 1917-жылы 15-маусымда өмірге келген екен. 1 қыз, 3 ұлы бар. Ол кісілердің өздері де қазір қария болып отыр. Үлкен қызының жасы – 76-да, одан кейінгі ұлдарының бірінің жасы 75-те, екіншісі 72-де. Кенже ұлы – менің күйеуім Нұрғали өткен жылдың қараша айында 63-ке толып, зейнеткерлікке шықты. Бүгінде апамның балаларынан өрген 13 немересі, 28 шөбересі және 12 шөпшегі бар», – деді Ұлсара Қапанқызы біздің қойған сауалдарымызға орай.

 

Бүгінде өзі де немерелеріне әже болып отырған Ұлсара апа Орал қаласында туып-өскен екен. Алматы медицина институтын тәмамдаған. Ал отағасы Нұрғали Алматы зооветеринариялық инс­титутын бітірген. Екеуі студент кезде танысыпты. Олардың екі қыз, бір ұлдары бүгінде өмірдің әр саласында еңбек етіп жүр.

 

Осыларды айтып: «Апам мен атам туралы өзінің балаларынан сұрағаныңыз дұрыс-ау. Отағасымен хабарласыңыз, ол кісі жұмыс­тан кешірек келетін еді...» – дей берген Ұлсара апа осы кезде әңгімесін кілт үзіп, арғы жақтан кірген бір кісімен амандасып кетті. «Газеттен екен. Апам жайында сұрап жатыр. Келіп қалғаныңыз жақсы болды ғой!» – деген сөздері естіліп жатты. Сосын: «Апаның үл­кен қызы келді. Енді осы кісіден сұ­рай беріңіз», – деп тұтқаны Орын­гүл апаның үлкен қызына берді.

 

Апаның тұңғышының есімі Алмагүл екен. Ол кісі бізге бұл үйдегі кенже бауыры Нұрғалидан үлкен інілерінің есімдері Сапар және Құрбан екенін айтты. Әкелері Шымкентбай да, аналары Орынгүл апа да Шымкент өңірінде туып-өскен, осында еңбек еткен жандар екенін білдік. Отағасы кезінде шаруашылық төрағасы болыпты. Шымкентбай ата осыдан 40 жылдай бұрын дүние салыпты. Ал Орынгүл апаның өзі колхоз-совхоздарда жұмыс істеп зейнеткерлікке шыққан екен.

 

«Апамның жағдайы жақсы. Келін оған жайлы қарайды», – дейді Алмагүл апа.

 

Бұл кісілердің ынтымағы жарас­қан әулет екені сөздерінен сезіліп тұрды. Ал мұндай өнегелі істе биыл жасы 101-ден асқан Орын­гүл әженің үлесі зор екені анық.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ