2019-жыл жалқауларға жайсыз болады екен

01.01.2019
Қаралды: 692

Жаңа, 2019-жыл да басталып кетті. Сіз бүгін «Замананың» биылғы алғашқы нөмірін қолға алып отырсыз, қадірлі оқырман! Жаңа, Доңыз жылы құтты болсын, ол әр шаңыраққа жақсылықтарын молынан ала келсін!

 

Астрофизиктердің болжамына қарағанда, биылғы жыл ерекше жыл болғалы тұрған сияқты. Олар бұл жылға Жер, Күн және Марстың әсері мол болады, әсіресе Жер мен Марстың өзара әсерлесуі зор болады дейді. Мұның ең басты ерекшелігі – әлемде жанжал, соғыстар азаяды, саяси ахуал оңала бастайды  екен. Бұл жеке адамдар өміріне де қатысты. Яғни адамдар арасындағы түсініспеушіліктер, келіспеушіліктер кемиді деген сөз. Отбасында, достар арасында сыйластық тереңдей түседі, ренжісіп-өкпелесіп жүргендер болса, татуласуға деген ұмтылыс артады екен.

 

«Бұл жылы техника, технология салаларында тың жаңалықтар көбейеді, таңқаларлық астрофизикалық, ғылыми жаңалықтар өмірге келеді. Адамдардың зейіні, зердесі, аңғарғыштығы артады», – дейді астрофизиктер.

 

Жалпы, астрофизика деген – жұлдыздар әлеміне және табиғаттағы физикалық құбылыстарға қарап, олардың өзара әсерлесуіне байланысты тұжырымдар жасайтын сала. Ал бұл бағытта жұмыс істейтіндердің айтарына шет елдерде кәдімгідей мән бере қарайтыны тектен-тек болмаса керек.

 

Астрофизиктер Доңыз жылының 12 жылдық тізбені аяқтайтын жыл екенін ескере отырып, бұл жылы кез келген адамда өткеніне есеп беру сезімі оянады дейді. Ал өткеніне есеп берген адамның көп нәрсеге көзі ашылары, кем-кетігін түзеуге ұмтылары сөзсіз.

 

Астрофизиктердің тұжырымынша, бұл жыл ерекше оқиғаларға толы болады. Адамдардың ұмтылыстары күшейеді, осыған орай оңды нәтижеге жететіндер қатары көбейеді.

 

Қысқасы, биылғы жыл әрекет еткен, мақсатына ұмтылған жандарға өте жайлы жыл болады дейді астрофизиктер. Олар сонымен қатар мынадай жайды да ескертеді: Биыл еріншектік, жалқаулық, немқұрайдылық та адам баласын жиірек төңіректейді, ал өзін қолға алмай, жалқаулыққа жол ашқан жандарға Доңыз жылынан аяушылық жоқ дейді.

 

Ендеше, өзіңізге мығым болыңыз, сергектікті, белсенділікті серік етіңіз, ағайын! Сонда әрекетке берекет болмақ. Астрофизиктер биылғы Доңыз жылының әрекетшіл жандарға сыйлығы мол болатынын айтады. Ендеше, сондай тартуларды бәріңізге нәсіп етсін дейміз. Жаңа жыл барша шаңыраққа құт-берекесін ала келсін!

 

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ