«Ұлы даланың жеті қыры» талқыланды

01.12.2018
Қаралды: 434

Таяуда Шымкенттегі А.Пушкин атындағы облыстық әмбебап  ғылыми кітапханасында тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаевтың қалалық ардагерлер кеңесімен кездесуі өтті.

 

Бұл жиында Өмірзақ Озғанбайұлы Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қамтылған мәселелерге кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде жылқының ал­ғаш рет Қазақстан жерінде қолға үйре­тілгенінің ғылыми түрде дәлел­денгенін, түрлі металдарды қорытып, одан тұрмыстық заттар, қару-жарақ жасаудың да біздің жерімізде кең таралғанын айтты.

 

«Бабаларымыз алтынды да әшекейлей  білген. Оның бір мысалы ретінде Қазақстандағы «Алтын адамды» айтуға болады.

 

Біздің еліміз – дүние жүзіне алма мен қызғалдақты берген ел. Алатау етегінің даламен астасқан жерінде кейін «Сиверс алмасы» деп аталған алманың тұқымы болған. Одан кейін алманың басқа да сорттары шыққан. Ал қызғалдақ гүлі – Алатау етегінің даламен астасқан жерінде пайда болған гүл.

 

Міне, Елбасымыз осындай тарихи мәселелерге ерекше назар аударып отыр», – деп түсіндірді ол кісі.

 

Кездесу соңында ардагерлер тіл жөнінде және ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік мәселесі туралы ой-пікірлерін білдірді, Өмір­зақ мырзаға алғыстарын жеткізді. Келген қонақтар ол кісімен естелікке суретке де түсіп жатты. 

 

 И. МАҚПАЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ