Сіз слаймды білесіз бе?

29.11.2018
Қаралды: 794

Слайм – қамыр секілді қалай-болса солай илене беретін, сағыз іспеттес балалар ойыншығы. Иіссіз әрі жұп-жұмсақ. Қолға жабыспайды. Миды тыныштандыратын қасиеті бар. Антистресс ретінде үлкендер де қолдана алады. Жалпы алғанда, зеріккенде де іш пыстырмайтын дүние.

 

Оның түрі де, түсі де сан түрлі. Неге екенін қайдам, ары-бері мыжғылағаннан басқа қызығы жоқ осы нәрсеге балалар ерекше құмар. Содан да болар, бұл ойыншықты сатып алушылар мен арнайы тапсырыспен жасатушылардың қатары көбейгелі қашан. Кейінгі кезде бұл тіпті сәнге де айналып кеткендей. Алматылық оқушы Гүлжайна үш жылдан бері ғаламтор арқылы слаймнын рецептін сатумен айналысады.

 

– Слаймды өздері жасап алғысы келетіндер жетерлік, күніне бір рецепттен сатып отырамын десем де болады. Қолымда 100 шақты рецепт бар. Оның біразын ғаламтордан алдым, ал кейбірін өзім ойлап таптым, – дейді ол.

 

Алдымен қызығушылық танытып, кейіннен оны кәсіпке айналдырған Гүлжайна бүгінде жарнамасын әлеуметтік желілер арқылы жасап отыр.

 

Ал рецепт сатып алып, қолдан жасауға уақыт жұмсағысы келмегендер тапсырыспен дайынын ала алады. Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны Аяулым Бағланқызының тапсырыспен слайм жасап жүргеніне жарты жылдың көлемі болды. 14 жасар мектеп оқушысының айтуынша, слаймға деген сұраныс толастаған емес. Оған аптасына төрт-бес тапсырыстан түсетін көрінеді.

 

–  Өзінің текстурасына байланысты оның түрлері көп. Базарда сатылатын слаймдар зауыттікі, олар тез қатады. Ал қолдан жасалғандарымен бір апта шамасында ойнауға болады. Оны дайындауға шамамен 20 минуттай уақыт кетеді. Бірақ оның қалай жасалатыны құпия болып қала берсін. Слаймды тек балалар ғана емес, кейде ересек адамдар да өздеріне сатып алып жатады,– дейді ол.

 

Тапсырыспен арнайы дайындалатын слаймның бағалары салмағына қарай әртүрлі. 30 миллилитрі небәрі 100 теңге болса, 80 миллилитрі 200 теңге тұрады. Ал 250-лікті – 600 теңгеге, 500 миллилитрін 1300 теңгеге сатып алуға болады. Аса қымбат емес бұл жұмсақ ойыншық қолдың ұсақ моторикасын жақсартады. Сондай-ақ сыну жарақатын алған саусақтардың жұмысын қалпына келтіру үшін де оның пайдасы зор. Түрлі пішіндер жасай отырудың нәтижесінде ойлау қабілетін дамытатын да артықшылығы бар. Әрине, егер слайм алуды жөн көрсеңіз, оның пайдасын да біле жүрген абзалырақ.

 

Дайындаған – М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ