17 жасар балуан қыз Қазаннан жүлде әкелді

29.11.2018
Қаралды: 661

Бүгінде белбеу күресі елімізде барынша дамып келеді. Ерлер арасында кеңінен танымал бұл спорт түріне кейінгі кездері қыздар да араласа бастады. Солардың бірі – халықаралық бәсекеде топ жарған келестік бойжеткен Ақмарал Оразбай жайлы жазсақ дейміз.

 

Жуырда ғана кейіпкеріміз Ресейдің Қазан қаласында жастар және жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында 3-орынға ие болды.

 

Спорт деген сиқырдың Ақмаралды арбауы бала кезінде басталыпты. Әсіресе гір тасын көтеруге әуестігін үйдегі төрт бірдей ұл бауырлары мен әкесі Шәдібек оятқан көрінеді.

 

«7-сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет 20 келілік гір тасын көтеріп көрдім. Отбасымызда кілең ерлер болғандықтан біздің үйде гір тасынан көп нәрсе жоқ. Оны шамам келгенше көтеріп, күшімді байқағым келді. Осылай қызығушылығым әдетке айнала бастады. «Жалғыз қызсың» деп әкем мұнымды тыйып тастай ма деп те қорыққан едім. Бірақ олай етпеді. Әрі анам да құптап, қолдау білдірді.

 

Менің жүріс-тұрысым мен мінезім ерлерге көбірек ұқсайды. Шашым қысқа, киім мен аяқ киімдерім де спорттық үлгіде. Бұдан басқа, тіпті үйдегі ауыр тірліктерді де бауырларымнан қалыспай, бірге атқарамын.

 

Мектепте дене шынықтыру пәнінде ауыр затты көтере алатынымды ағайларым мен сыныптастарыма дәлелдеп, күшіммен мақтанып та жүрдім. Мерекелік сайыстарда ұлдармен гір тасын көтеруден жарысатынды да шығардым. Ешбір жарыстан жүлдесіз қайтпадым. Содан бастап спорт менің серігіме айналды. Өмірдегі мақсатымды да тек спортпен байланыстырамын.

 

Волейбол мен баскетболды да қатты жақсы көремін. Ал белбеу күресін таңдауыма алғашқы жаттықтырушым Бердібек Әлімов ықпал етті. Ол кісіге алғысым шексіз.

 

Белбеу күресімен айналысқаныма екі жылға жуықтады. Жетістіктерім де баршылық. Ресейдегі жеңісіме дейін Жаңақорғанда жастар және жаөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында бас жүлдеге қол жеткізіп, Әлем чемпионатына жолдама алған болатынмын.

 

70 келіден жоғары салмақта 8 үміткер шаршы алаңда бақ сынастық. Мысыр, Татарстан, Өзбекстан, Ресей,Тәжікстаннан келген және өзіміздің қазақстандық спортшылармен белдестім. Барлығы да әбден шыныққан, үлкен дайындықпен келген қыздар еді. Ақырғы сәтке дейін бар өнерімді салып, жеңіске жетуді көздедім. Бұйырғаны – 3-орын. Халықаралық бәсекеге алғаш қатысуым болғандықтан бұл көрсеткіш мен үшін жаман емес.

 

Аталмыш бәсекеден елге келіп, пойыздан түскенімде мені аудан әкімдігінің, өзімнің түлеп ұшқан №93 Ғани Мұратбаев мектебінің қызметкерлері мен «АИУ»-дағы достарым үлкен қошеметпен күтіп алды. Құттықтап, бұдан да биік белестерді бағындыруымды тіледі. Сол кезде өзім арқалаған жауапкершілік жүгінің қаншалықты салмақты екенін түсіндім. Ол үшін барымды салуға дайынмын. 

 

Енді келер жылы көктемде тағы бір сайыс өткелі жатыр. Қазіргі жаттықтырушым Қуатбек Байқожаев ағамен қызу дайындық үстіндеміз. Алла нәсіп етсе, бас жүлдені қоржынға салу жоспарда бар», – дейді 17 жастағы балуан қыз.

 

Ақмаралдың алар асуы әлі алда деп ойлаймыз. Күреспен айналысқанына көп болмаса да Әлем чемпионатының жүлдесіне ілігуі, әрине, үлкен жетістік дер едік.

 

Айта кетейік, Ақмарал Оразбай 2001-жылы дүниеге келген. Қазір Шымкент қаласындағы аймақтық-инновациялық университеттің І-курс студенті. «Спорт және дене шынықтыру» мамандығы бойынша жоғары білім алып жүрген балуан қыз оқу орнының да мақтанышы.

 

Д.МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ