Доңыз жылы қандай жыл болады?

30.12.2018
Қаралды: 1531

Алдымызда жаңа, 2019-шы, Доңыз жылы келеді. Әлемді мекендейтін әр халықта жыл басы әрқалай кездерде тойланатыны белгілі. Мысалы, түркі, парсы тектес халықтарда Жаңа жыл 22-наурызда басталса, бірқатар Азия елдерінде ақпан айында аталып өтеді. Ал Ресейде Жыл басы 1-қаңтар деп осыдан тура 320 жыл бұрын, 1699-жылы бекітіліпті. Яғни Жаңа жылды осы 1-қаңтарға қараған кеште қарсы алу – бізге Ресей елінен келіп, сіңген дәстүр.

 

Қалай болғанда да алдағы келер жыл – Доңыз жылы. Ол жыл қайырудың 12 жылдық тізбесін аяқтайды. Біз осындай жылға аяқ басқалы отырмыз. Ал бұл жылды жұрт қалай сипаттайды, оның тұрмыс-тіршілікке, адамдар өміріне қалай әсер ететіні жөнінде не дейді?

 

Жалпы, доңызды қазақ онша таза емес жануар деп қабылдағанымен оның атын иеленген жылдан мол үміт күтеді екен. Бабаларымыз Доңыз жылын тіршілікке өте жайлы жыл болады деп сипаттайды. Өзге халықтарда да осындай ұғым қалыптасыпты. Адал жолмен жүріп, тынбай еңбек еткен, алға басуда табандылық танытқан жандарға жылдың берері мол болады дейді. Отбасын құратындар қатары артып, өмірге балалар көбірек келетінін айтады. Қай істе болмасын санмен қоса сапа да артады, ал келіспеушілік, дау-дамай, ұрыс-керіс деген жайсыздықтар азаяды екен. Адамзат баласы үшін керегі де осы емес пе?

 

Шығыс күнтізбесінде келер жылдың иесі сары түспен, жермен сипатталады, яғни «Сары жер доңызы жылы» деп айтылады. Ал сары түс – Күннің түсі, тіршілікке, көңілге, көзге жайлы түс, Жер – адамзаттың асыраушысы. Ендеше бұл жағынан алып қарағанда да келер жылдың көңілге жайлылық, сенім ұялатар ерекшелігі мол болмақ. Жұлдыз-жорамал, болжамдардан да осындай жақсы сөздерді оқыдық.

 

Олай болса, алдағы келер жыл жақсылықтарын молынан ала келсін дейміз. Құдай баршамызға бейбіт те берекелі күндерін нәсіп етсін, еліміз өркендеп, дами берсін! Жақсы жоспарлар жасаңыздар, адал еңбек етіңіздер, мақсатқа ұмтылуда табанды болыңыздар, мұрат-мақсаттарыңыз орындала берсін!

 

...Ал «Замананың» жаңажылдық алғашқы нөмірі алдағы 7-қаңтар күні жарық көретінін естеріңізге саламыз.  Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын, алдағы күндерде де жарқын жүзбен қауыша берейік, ардақты ағайын!

 

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ