Тұрақтыда тұрақтағандар

14.11.2018
Қаралды: 267

Түркістан облысында Тұрақты деп аталатын шағын ғана ауыл бар. Халқы жүз үйге де жетпейтін елді мекеннің берекесі кіріп, бірлігі жарасып-ақ тұр.

 

Бәйдібек ауданындағы бұл ауылдың халқы шетінен кәсіпкер. Бірі дүкен ұстаса, бірі егін егеді, енді бірі бордақымен айналысса, қалғандары мал басын көбейтуді қолға алған. Мұнда мемлекеттің кәсіпкерлерді қолдау негізінде беріліп жатқан көмегімен іс бастаған жандар да баршылық екен. Мұндай қолдауды қалт жібермей, «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 2015 жылы 12 миллион несие ал­ған Болат Төлебаев шағын шаруашылығын үлкейтіп, уақ мал басын көбейтіпті. Егін егіп, мал шаруашылығын да дамытқан шаруа ата кәсіпті жалғастырып ке­леді. 

 

Кезінде Ақбастау ауылдық округінде мал баққан шопандар төрт түлік санын көбейтуде біршама жетістіктерге жеткен екен. Болат Төлебаевтың ата-анасы да дала қосында тынбай еңбек етіп, мал да бағыпты. Озат шопан, белсенді жұмысшы атанып, ұл-қыздарын адал еңбек етуге үйретіпті.

 

Міне, Болат мырза ес білгелі мал бағудың қыр-сырын меңгеріп, қанмен дарыған кәсіпті жанына серік еткен.

 

Шаруашылық 2000-жылдардағы қиыншылық кезеңде небәрі отыз ғана малмен көш түзеп, қазір ауылдағы, тіпті аудандағы ірі шаруашылықтардың қатарынан саналады.

 

Кәсіпкер меншігіндегі 2000 гектар жерді де тиімді пайдаланады екен. Ол ұлдарымен 200 гектарға бидай, 800 гектарға мақсары мен бақша дәндерін егеді. Ал қалған мың гектары жайылымдық жер көрінеді.

 

«Мал баққанға бітеді» демекші, шаруа қожалығындағы қой санын мемлекеттен алған жәрдемнің арқасында 900-ге жеткізіп, тұрақты жұмысшы да алыпты. Шопан кісіге айына 60 мың теңге еңбекақы төлеп тұрады. Одан бөлек кәсіпкер былтыр әр малының басына 1500 теңгеден субсидия алып, Кеңес үкіметі кезіндегі үлгіде салынған қора жайларына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, едәуір тірлік атқарыпты. Жөнделген жүз метрлік қорасы, 35 метрді құрайтын мал төл­дейтін, жем-шөп жинайтын орны, астық сақтайтын қоймасы және егістік жинап, артатын техникалары тұратын нысан тағы отыз жылға жуық қызмет етеді, – дейді шаруа.

 

«Тоқырау кезеңдері «Ауылда жұмыс жоқ» деп талай адам көшіп кетіп, жанымыз ауырып еді. Сонда ауылдың іргесі сөгілгендей көрініп тұратын. Сонда Тұрақтының ертеңіне алаңдаған үлкендер: «Шаруашылықтың көзін ашу керек. Сол кезде екі қолға бір күрек табылады» деген-ді. Міне, еңбектен қорықпау керек дегенді ұран еткен ауыл адамдары тырбанып жер жыртып, мал ұстап нәпақаларын табуда», – деп сөзін аяқтады Болат Төлебаев.

 

Кәсібінің нәсібін адал бейнетпен теріп отырған бұл отбасын нағыз еңбек майталмандары деуге болады. Тұрақтыда тұрақтап, ауыл тіршілігінің жандануына үлес қосып келе жатқан осындай шаруалар қатары көбейсе, жұмыссыздар қатары кеміп, жағдай бұдан да артық түзелер еді.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ