Тікұшақпен, ұшақпен «такси» қызметін көрсетеді

14.11.2018
Қаралды: 784

Қазіргі таңда бір жерден келесі жерге әп-сәтте жете қою аса қиындық тудырмайды. Сол мақсатта такси қызметін пайдаланбаған адам жоқ та шығар. Әсіресе әуе таксиіне мінер болсаңыз, көзді ашып-жұмғанша қалаған жеріңізге бара аласыз. Тек қаражатыңыз болса болғаны.

 

Еліміздегі «Astana Busіness Avіatіon» компаниясы өз қызметін 2014 жылдан бері атқарып келеді. Біз айтып отырған «Әуе Такси» қызметін ұсынып отырған да осы  мекеме. Астана қаласындағы бұл компанияға телефон соғып, өтініш тастасаңыз болды, әп-сәтте оның қызметкерлері сіздің саяхатыңызды ұйымдастырып бере қояды. Тек «EUROCOPTER» маркалы заманауи тікұшақпен ғана емес, екі адамдық шағын ұшақпен де Қазақстанның барлық қалаларына жету мүмкіндігі бар. Сондай-ақ әсерлі саяхатқа арнайы уақыт бөлетін жандар Астана мен Алматының көрікті жерлерін аспанда жүріп-ақ аралай алады. Ауа райы қараса, таулы аймақтар мен шет ауылдарға да шығуға болады.

 

Әрине, «қанша тұрады» дерсіз бірден. Аса арзан емес. Тікұшақпен таксилету бағасы еліміздегі ең төменгі жалақының екі есе құнын құрайды.

 

– Астана бойынша қала ішінде ұшу құны – адам басына 55 мың теңге. Бір топта 7 адам болады. 20 минуттың ішінде Астананың көрікті жерлері саналатын 40 шақты нысанды биіктен тамашалатып үлгереміз. Ал Алматы бойынша 30 минуттық саяхат құны – 77 мың теңге. Мұнда адам саны 5-еуден аспайды. Ал қала және мемлекетаралық ұшу бағасы ара қашықтыққа, сағатына, жолаушылар санына байланысты белгіленеді, – дейді компания директоры Қайсар Шыныбаев.  

 

Сонда қала үстінде ұшу үшін жеті адамның жиналғанын күту керек пе?

 

– Егер тапсырыс беруші топтың ақшасын бір адам-ақ толық өтейтін болса, онда ұша береміз.

 

Көбіне кімдер тапсырыс береді?

 

– Тапсырыс берушілердің қатарында түрлі бизнес өкілдері, жұлдыздар, инвесторлар мен әртүрлі делегациялар да бар. Сондай-ақ, отбасылық айтулы күндерге байланысты романтикалық тосынсыйлар мен тұрмысқа шығу туралы ұсыныстар ұйымдастыру мақсатында да тапсырыстар түсіп жатады.    

 

– Идея авторы өзіңіз бе? Бұл ой қайдан келді?

 

– Иә, өзім. Жолаушылар және жүк тасымалымен айналысатын «Astana Busіness Avіatіon» компаниясын құрғаннан соң жеке адамдар тарапынан тікұшақ қызметіне сұраныстар пайда бола бастады. Содан соң осындай қызмет түрін шығаруды ойластырдық. Сөйтіп басқа да әуе компанияларымен серіктес ретінде келісім-шартқа отырып, жұмысымызды бастап кеттік. Ал дамыған елдерде мұндай қызмет түрі бұрыннан бар. 

 

...Бұл кісі сондай-ақ 600 шақырым қашықтыққа дейін ұша алатын тікұшақтармен саяхаттаудың адамдар үшін қауіпсіз екенін де айтады.

 

– Біздегі ұшқыштардың барлығы күн сайын арнайы медициналық тексеруден өтеді. Олар ереже бойынша 8 сағаттан артық ұшпауы қажет, одан соң демалыс беріледі. Белгілі бір уақыт аралығында олардың әрқайсысы түрлі тесттер тапсырып, өздерінің білім деңгейін айқындап отырады. Сонымен қатар, ұшардың алдында тікұшақтардың техникалық жағдайы міндетті түрде тексеріледі, – дейді Қайсар.

 

...Иә, әдемі саяхаттан алатын әсер де мол болар. Алдағы уақыттарда алда-жалда аулаңызға тікұшақ қона қалса, оған таңданбай-ақ қойыңыз. Себебі әуе таксиінің қызметіне уақыт өткен сайын сұраныс та артып келе жатқан көрінеді.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ