Қытайда генетикалық модификацияланған адам жасалған ба?

07.11.2018
Қаралды: 433

Таяуда Қытайдағы Шэньчжень университетінің генетик-ғалымы Хэ Цзянькуй «Ютуб» желісі арқылы өзгеше ақпар таратты. Ол өзінің адам эмбрионын гендік инженерия тәсілімен өзгерткенін мәлімдеді.

 

Айтуынша, тәжірибе жасауға өз еркімен көнген ерлі-зайыптыларды пайдалана отырып, экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы өмірге егіз бала келуіне жағдай жасаған. Бұл егіздердің «ДНК»-сына өзге ген ендіріп, олардың ағзасын «ВИЧ» инфекциясына төзімді етіп, яғни қандай жағдайда да онымен ауырмайтын етіп шығарған көрінеді. «Гендік модификацияланған балалар жасадым. Олардың дені сау, мықты, қазір мұқият бақылауда», – деп мәлімдеді ғалым.

 

Алайда әзірге мұның рас-өтірігін ешкім білмейді. Өйткені ғалым өзінің айтқандарын дәлелдейтін айғақ көрсеткен жоқ. Ал басқа әріптестері оның іске асырған шаруасының адамгершілікке жатпайтынын айтып, одан теріс айналды. Бүгінде бұл ғалымның қайда жүргені де белгісіз болып отыр. Кей деректерге қарағанда, оны қамап қойған көрінеді.

 

Жалпы, адамдарға мұндай тәжірибе жасауға алпауыт АҚШ-тан бастап, дамыған елдердің бәрінде тыйым салынған. Тәжірибе «ДНК»-ның басқа тұсында ауытқушылық тудырып, одан адамзатқа келетін қатер болуы мүмкін деп қа­уіптенеді. Ал Қытайдың өзінде мұндай тәжі­рибелер жасауға рұқсат бар деседі.

 

...Қысқасы, ғылым әлемінде осындай да жаңалық орын алғанға ұқсайды. Жалпы, бүгінде  ауыл шаруашылығы, азық-түлік дайындау салаларында гендік  модификация кеңінен қолданылатыны жасырын емес. Мысалы, картоп геніне сарышаян генін қосу арқылы оған жәндік атаулы тимейтін етеді. Құрт түспейтін алма, тағы басқа көкөніс, жемістер бар. Соған қарағанда, адамды да гендік модификациялауды ойластырып, тәжірибе жасап жүргендер бар болуы мүмкін.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ