Көктеректе көзге ұрған кемшілік көп

05.08.2018
Қаралды: 567

Бәйдібек ауданындағы Көктерек ауылының көркін кетіріп тұрған кемшілік көп. Соның бірқатары туралы айтсақ деп едік.

 

 

Аталған ауыл округіне қарасты Ақмешіт ауылында көне мешіт қараусыз тұр. Тарихы сонау 1965-жылдан бастау алатын бұл ғимарат әуелгіде ауылдық клуб болып жұмыс бастаған екен. Кейін мәдениет үйі бой көтерген соң клуб жабылып, тұрғындардың өтінішімен нысан 1997-жылы мешіт ретінде қоданысқа беріліпті. 53 жылдық шежіресі бар ғимараттың қазіргі күйін көрген соң жергілікті әкімдікке хабарласып, мән-жайды білмек болдық.

 

«Клуб ауыл халқының мәдениетін арт­тыру мақсатында қолданысқа беріліп, 32 жыл  жұмыс істеді, – дейді ауыл әкімдігінің жер инспекторы Өсербай Қыдырбаев. – Кейін сол кездегі совхоз директоры Әбілдабек Шардарбеков бастама көтеріп, 1996 жылы ауылда жаңа мәдениет ошағы жұмыс бастады. Ал клуб жайы босап қалғаннан кейін ақсақалдар оны мешіт болсын деп шешім қабылдады. Мешіттің алғашқы имамы болып Барат Молдабаев тағайындалған. Халық жұма намазға келіп, балалар діни ілім алып, талай жылдар мешіт кәдеге асты. 1992-жылғы ауыл әкімі Пайыз Тулыбеков әкімдік ұжымы және ауыл тұрғындарының асарлатуымен мешіттің іші-сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, төбесіне күмбез орнатты. Содан 2006-жылы жаңа мешіт ашылғанға дейін ол мешіт әрі медресе есебінде жұмыс істеп келген еді.

 

Дәл қазіргі таңда бос жатқан құрылыс­қа ешкім иелік етпейді. Бірнеше жыл бұрын «Ақмешіт» СТК» шаруашылығына бұл ғимараттан астық қоймасын жасауға ұсыныс білдірген едік. Бірақ 0,16 гектар жерді алып тұрған нысан құжаттарының дұрыс болмауы кедергі келтіре берді. Бұл мәселе жайында аудан әкімдігіне бірнеше рет айтылып, тіпті сессияда да қаралған. Енді алдағы уақытта бос жатқан құрылыс­тың кәдеге асуын күтіп отырған жайымыз бар».

 

Мешітте балаларға дәріс беріп, имамдық қызмет атқарған Әбдіразақ Мәуле­новтің де пікірін білдік.

 

– Мен қазір аудандағы «Тарихи-табиғи мұраны қорғау және пайдалану орталығы» мекемесінде жұмыс істеймін. Көк­теректің тумасымын, – деді ол. – Ескі мешітте, одан кейін Қ.Спатаев атындағы мектепте еңбек еттім. Мамандығым – тарих және география пәндерінің мұғалімі.

 

Уақтысында 6-12 жастағы 15 шақты балаға «Салт-дәстүр және дін» сабағын өткізіп, ұстаздық еттім. Жаңа мешітте де имам болып, уағыздар оқыдым, адамдар­ға дұрыс бағыт-бағдар беруге тырыстым. Қос қабатты ғимараттың бірінші қабатының бір бөлмесі «авторлық гимназия» болған. Дәріс сол жерде өтетін.

 

Жұмыс бабымен Шаянға қоныстанғаныммен ауылға әр келген сайын қаңырап тұрған бұл ғимаратқа қарап, көңілім бұзылады. Тиісті орындар нақты әрекет жасамаған соң құрылыс саласында еңбек ететін ұлымнан бұл құрылысқа не істеуге болатынын сұрағанмын. Ойлана келе ауылдағы бірқатар кәсіпкерлердің басын қосып, монша соқпақшы болды. Сөйтіп тозығы жеткен ғимарат монша болуға жарай ма, жоқ па, соны тексеріп көрді. Нәтижесінде аудандағы құрылысқа тиісті мамандар ғимараттың таспен қалануына байланысты қатты ыстыққа төзімсіз келетінін, оның опырылып құлауы мүмкін екенін айтты.

 

Жалпы, бұл нысанды тек қана мәдени, рухани мақсатта пайдаланып, мекеме ретінде жұмыс істегені абзал. Немесе қоғамдық ұйым, үйірмелер ашқан да жөн болар еді. Сонда ғана ауылдың ажарын бұзып тұрған мұндай ғимараттар жөндеу көріп, қараусыз тұрмас еді.

 

...Ақмешіт ауылында орналасқан еңсесі түскен бұл ғимарат көзге қораштау көрінеді. Тек бір бұл емес, Ақмешітке кіре берістегі аялдамаға қарап-ақ ауылдың сұрықсыз көрінісін білуге болатындай. Ауылға кіретін жол жиегіндегі қураған көшеттер, жөндеу көрмеген жолдар көзге түседі. Ең қиыны – мұндағы көпірдің үстіндегі тас мүжіліп, апатты жағдайда тұрғаны.

 

Көктерек ауыл әкімдігіне қарайтын бірнеше ауылда бұдан басқа да ескі құрылыстар, қираған үйлер өте көп екен. Білуімізше, ауыл әкімі болып он жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Нұрлан Бекжігітов мырзаға ауылдың сұрықсыз сиқы жаңалық емес. Осы мәселелер төңірегінде ол кісімен бірнеше рет байланысып көрмек болдық. Бірақ телефоны үнемі сөндірулі тұрды.

 

Көктеректің ажарлануы, дамуы, тұрғындардың тіршілігі – бәрі-бәрі тікелей осы өңірдің әкіміне байланысты. Әйтсе де әкім мырзаның ауылменен ісі жоқтай көрінеді.

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ