«Холодное пиво», «копченая рыба» сатуға да жарамаған қайран тілім-ай!

24.07.2018
Қаралды: 279

Алакөлдің Ақши жағында, көл жағасында жатырмыз. Рахат! Суға шомылғандардың бәрі көңілді, у-шу. Құмырсқадай каптаған, құжынаған адамдардың бірен-сараны ғана басқа ұлттар. 99 пайызы – қазақтар.

 

Көл жағалап Ақши ауылының тұрғындары зейнеткерінен бастап 7-8 жастағы балаға дейін сөмке арқалап, сауда жасап жүгіріп жүр. Қосымша табыс, ата-аналарына көмек. Абайдың «Егіннің ебін, сауданың тегін үйреніп, ойлап, мал ізде» деген өсиетін орындап жүргендеріне қуанып отырмын. Өздерінің не сататынын айғайлай жарнама жасап ауыздары жабылмайды. Бүкіл Алакөл солармен бірге: «Холодное пиво! Копченая рыба! Горячие пирожки! Лечебная грязь!» – деп күңіреніп тұрғандай.

 

Төрт-бес саудагер әйелдің күнге күйгені сондай, Африка негрлерінің қара қатындарынан да қарайып кеткен. Екі ай бойы қырық градус ыстықта көл жағалап жүгіріп жүрсең, қараймақ тұрмақ, қуырылып қаларсың! Қу тірлік не істетпейді...

 

Менің айтайын дегенім – қатындардың қарайғаны емес, қазақ тілінің қатқан балық сатуға да жарамайтынына қанымның қарайғаны. Бір-екі күн көл қызығымен саудагерлердің тек орысша айғайлағанына көңіл аудармаппын. Содан демалыс үйіне келіп оңаша жата қалсам, аналардың: «Холодный пиво! Копченный рыба!» деген ұрандары құлағымда жаңғырып тұрады.

 

Үшінші күні көл жағалап күнде сыра толтырған сөмкелерін арқалап, үш немересін ертіп жүгіріп жүретін қайыстай арық қара шалды тоқтатып, сырасының бағасын сұрадым. Ол маған тілін бұрап, бағасын орысша айтты. «Әй, ақсақал, мен қазақпын ғой, неге қазақша жауап бермейсіз? Неге қазақша айғайламайсыңдар?» – дедім.

 

«Осы көлге келетіндердің көбі Алматы, Астана, Талдықорған, тағы басқа қалалардан. Біздің сырамыз бен балығымызды алатын да солар. Олардың көбі қазақша сөйлемейді, ұқпайды. Бізге керегі –  балығымыз бен сырамыздың өткені. Соларға түсінікті болуы үшін осылай орысша айғайлаймыз. Оған бола сен мені сөкпе. Мына немерелерімнің қамы ғой...  – деді ақсақал кетіп бара жатып.

 

Шындығында көлде жатқандардың көбі бала-шағасымен, дос-жарандарымен тек орысша сөйлеседі екен. Көл жағасында не орыс келіп, не билік өкілдері келіп «орысша сөйлеңдер» деп қазақты зорлап жүрген жоқ. Біз тек тілден емес, ұлттық намыстан, ұлттық санадан, ұлттық дәстүрден алшақтап бара жатқан «жаңа қазақ» деген жаңа халық болып қалыптасып келе жатыр екенбіз...

 

Тәубе... Тәубе...

 

Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ