Ішкі істер органдарында – ауыс-түйіс

16.06.2018
Қаралды: 155

Шымкент қалалық және Түркістан облыстық ішкі істер органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйістер орын алды.

 

Ішкі істер министрінің бұйрығымен Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің бас­тығы қызметіне полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетов тағайындалды. Е.Жұмаханбетов бұған дейін Ішкі істер министрлігінде департамент басқарған.

 

Ал Түркістан облысы ішкі істер департаментінің бастығы қызметін полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков атқаратын болды. Қ.Дәлбеков кезінде Шымкент қалалық, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер органдарында лауазымды қызметтер атқарған, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы бол­ған. 2017-жылдың желтоқсан айынан бері Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментін басқарып келген еді.

 

Сондай-ақ Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мен төтенше жағдайлар жө­ніндегі департа­менттерінің бастықтары тағайындалды.

 

Шымкент қаласы қылмыс­тық-атқару жүйесі департа­ментінің бастығы қызметін әділет полковнигі Әділбек Досмағанбетов атқаратын болды. Ол осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы  бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары болып келген.

 

Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы болып әділет полковнигі Талғат Әбдіранбаев тағайындалды. Т.Әбдіранбаев бұған дейін Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитеті оперативтік басқармасының бастығы бол­ған.

 

Ал Шымкент қалалық төтенше жағдайлар де­партаментін азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрболат Дербісов басқаратын болды. Н.Дербісов бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментін бас­қарған.

 

 Түркістан облысы төтенше жағдайлар депар­таментінің бастығы қыз­метіне азаматтық қорғаныс пол­ковнигі Нұрғали Жүнісов тағайындалды. Ол бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі депар­таменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.

 

...Біз бұл азаматтардың жаңа қызметте абырой биі­гінен көрінуіне тілек­тес­тігімізді білдіреміз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ