Қомағай бала (ВИДЕО)

30.05.2018
Қаралды: 501

Дамыған мемлекеттерде, әсіресе Қытайда, Кореяда, Жапонияда «тікелей эфир» арқылы жегенін жарнамалайтын байқаулар трендке айналып үлгерген. «Едим шоу» деп аталатын байқау кеңінен танылып, оған қатысушылар да күн санап артып келеді. Ұйымдастырушылардың шарты бойынша тамаққа тәбеті жоғары, әлеуметтік желілерде белсенді кез-келген үміткер сайысқа қатыса алады екен.

 

 

Шоуға қатысушылар «ASMR» дауыс ұлғайтқыш аппаратын ауыз айналасына тағып алып, дастарханды жайнатып қойып, дүйім жұрттың алдында тамақ жеуді бастайды. Үміткер не жеп, не ішсе де  міндетті түрде ас  шайнаған дыбысы миллиондаған құлақтарға жетуі керек. Виртуалды достарының тәбетін ашамын деп мұз шайнап, бақа-шаян, қазан-қазан «Рамен» және тағы басқаларды жеп, барын салатындар осы арқылы табыс та табады.

 

 

«Ютуб», «Инстаграм» желіле­ріндегі көз сүріндіретін осы тектес видеолардың ішінде балалардың да жеке блогы жетіп-артылады. Жас болса да табыс табуды көздеген мына видеодағы балақайды тіпті қомағайлана тамақтанудың майталманы дерсің. Алдына келгенді қарбыта асап, жуан жілік пен қаракесек етті тоқтамай қылғытып жатыр. Мұнысы әрі қызық, әрі ойлантарлық. Ойлантарлық дейтініміз, қазірден мұнша көлемде ауқаттанған баланың асқазаны ертең не болмақ? Танымал болу мен ақшаға көңілі ауған баланың денсаулығына ата-анасы қалайша бей-жай қарайды?

 

Үйден шықпай-ақ, бел бүгіп, бас ауыртпастан қар­жы табуға болатын мұндай бизнеске жас балалардың үйір болары сөзсіз. Өйткені «Сынықтан басқаның барлығы жұғады» емес пе?

 

Ұрпағымызды жатыпішер жалқаулыққа үйрететін осындай жағдайлардан барынша қорғайық, тәрбиесіне көңіл бөлейік!

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ