Үш-төрт жылда әлемнің 18 елін аралаған қазақ қызы

10.05.2018
Қаралды: 1375

Саяхаттаймын деген адамға дүние кең, мүмкіндік те көп. Бірақ елімізде бұл үрдіс әзірге сәнге айналмай тұр. Үш-төрт жылдың ішінде 18 елге саяхаттаған, Африкадағы Мароккоға, Еуропаның қиырындағы Норвегияға табаны жеткен жиһанкез-блогер Динара Болат халықтың саяхат туралы қате түсінікте екенін айтады. Ол Вaq.kz тілшісімен сұхбатында саяхаттау және алдағы авторлық турлары жөнінде, ішкі туризмнің әлеуеті туралы әңгімелеп берді.

 

– Бала кезден саяхатқа шығуды қалаған Динараның арманы қаншалақты орындалды? Мына елдерге барамын деген нақты мақсатыңыз болды ма?

 

– Иә, саяхаттау – бала кезден арманым. Себебі анам географ болған соң үйімізде карталар көп еді. Дүниежүзілік карталарға қарап армандайтынмын. Оқушы кезімде бұл арманым күшейе түсті. Себебі ағылшын тілі кітабының мұқабасындағы «Биг-Бен» бар, тарих пәніндегі пирамидалар, «Тәж Махалды» көріп, міндетті түрде Үндістанға, Мысырға және Ұлы­британияға саяхаттаймын дедім. Ал өскен соң ол елдердің ішінде тек Үндістанда болдым. Есейе келе Мысыр елінен, Ұлыбритания­дан да қызық елдердің барын түсініп, қазір сол армандарымды орындап келемін.

 

– Қазақ қыздарымен бірге саяхаттау қаншалықты мүмкін болуда?

 

– Қазір жалғыз саяхаттауға тәуекел ете алмаймын. Себебі екі баланың анасымын. Балаларыма аман-есен оралуым керек. Әр саяхатымда өзіме үлкен жауапкершілік артып, тәуекелге бел буамын. Соңғы 3-4 жылда саяхаттап жүргенімде жаныма қыздар табылмады. Себебі, біріншіден, халық әлі саяхатты өмір салты ретінде жөнді қабылдамаған. Екіншіден, келісе қоятын қыздар болғанымен, олардың жоспары немесе қаражат жағы бір-бірімізге сәйкес келмеді. Сондықтан жолсерік таба алмай 2-3 рет шетелдік саяхатшылармен бірге аттандым.

 

Көрші Ресейді алар болсақ, ол жақта саяхаттың қаншалықты танымал екенін, күнделікті өмір салтына енгенін көріп қатты таңқалдым. Қазақ қыздарымен, өз жастарымызбен бірге саяхаттасам деген арманым болды. Енді осы арманды жүзеге асыру мақсатында өзімнің авторлық жобам – авторлық турымды құрып, менімен бірге саяхаттауға жастарды шақырып жатырмын.

 

– Авторлық турыңыздың туристік фирмалар ұсынатын турлардан айыр­машылығы қандай?

 

– Туристік фирмалар халық барып үйренген Түркияның, Тайландтың жағалауы, Бали, Гоа, Дубай секілді жиі сұраныстағы елдер мен қалаларда жағажайлық демалысты ұсынады. Ал авторлық тур ұйымдастырушысы мін­детті түрде саяхатшы болып, адам аяғы көп бастайтын, көп халық біле бермейтін елді мекендерді көрсетеді. Яғни қатысушыларды әйгілі емес, аты шықпаған әдемі де ерекше жерлерге апарады. Тағы бір айырмашылығы – авторлық турдың ұйымдастырушысы халықтың жанында басынан-аяғына дейін гид ретінде қызмет етеді. Ал турфирма адамды қонақ үйіне жеткізеді де, содан соң елге қайтатын кезде бір-ақ көреді.

 

– Турыңыздың алғашқы мар­шруты қандай?

 

– Бірінші Түркиядан бастаймыз. Жыл бойы саяхаттауға болады, бірақ әр елдің өз ауа райы, туристер баратын маусымдар бар. Саяхатшылардың елді аралауға қолайлы маусымына орай алғашқы сапарымыз Түркияға, соның ішінде Стамбул мен Каппадокияға болмақ. Себебі қыста, көктемде Каппадокияда үрмелі шарлардың ұшпау ықтималдылығы жоғары. Тұрақты және еш кедергісіз ұшатын кез – жаз мезгілі.

 

– Саяхат біздің елімізде неге сәнге айналмай тұр?

 

– Елімізде саяхат насихаты өте әлсіз. Мәселен, көрші Ресейдегі турфирмаларды алар болсақ, өте көп блогтур, инфотур ұйымдастырады. Ал біздің турфирмалар «бізді жарнамаласа екен» деген ниетпен жұлдыздарды шақырады. Біз сияқты саяхатшы жиһанкездер аз, оларға назар аударылмайды. Халыққа саяхатты насихаттайтын жандар – жиһанкез блогерлер. Екіншіден, саяхат туралы халықтың түсінігі қате. Саяхаттау үшін өте көп қаржы керек және сол елдің тілінде сөйлей білуің керек деп қате ойлайды. Мен мұның бәрін «миф» деп айтар едім. Жастар үшін тегін және арзан саяхаттаудың жолдары көп. Тіпті ағылшын тілін меңгермей де кез келген тығырықтан шығып, еті тірі адам өз бағытын тауып, әсерлі саяхат жасайтынына көзім жетті.

 

– Саяхатқа шыққанда балаларыңыз кімнің жанында қалады? Оларды уайымдамайсыз ба?

 

– Екі балам саяхаттаған кезде ата-әжелерінде қалады, яғни жолдасымның да, менің ата-анамның да бұл бағытта үлкен қолдауы бар. Бала күтушісіне қалдырып кетсем уайымдар едім, ал анам мен енемнің қалай бала бағатынын білген соң еш уайымдамаймын. Саяхаттауға деген мақсатым мен арманыма беріктігім сонша, өзім шетелге шығып жатсам, Астанадан балаларымды Оралда тұратын ата-әжесіне пойызбен не ұшақпен апарып тастаймын. Оралға жақын Самараға таксимен жетіп, одан кейін Мәскеуге ұшып, содан соң шетелге ұзақ жол жүремін. Жолдың ұзақтығы немесе осыншама шығын кететіні мені әлі тоқтата қойған жоқ.

 

– Саяхатқа қаржыны қалай жинайсыз?

 

– Алдын-ала бюджетті жасаймыз. Бай болмаған соң ең ұтымды, ең тиімді деген нәрселерді қарастырамыз. Жалпы бюджет белгілі болғаннан кейін ақша жинау мәселесі басталады.

 

Мен бірнеше жерде қызмет істеймін, барлық табысымды саяхатқа жұмсаймын. Жас кезімде 8 – 9 жыл ақша жинап, өзімді баспанамен қамтамасыз етіп алдым. Қатарымдағы жастар­ға қарағанда ерте қимылдадым, мақсатыма жеттім. Қазір ол еркін саяхаттауыма, табысымды тек қана саяхат­қа жұмсауыма мүмкіндік беріп отыр.

 

– Алғаш саяхатқа шығатын адамға қандай кеңес бересіз?

 

– Алғаш саяхаттайтын жас болса, оған «мына елден баста» деп айта алмаймын, себебі жастардың қолынан көп нәрсе келеді. Ол үлкен адамдар­ға қарағанда өзіне анағұрлым сенімді, батыл. Ал үлкендердің өзі жол сұрап алуы, әуежайдан қалаға өз бетімен жетуі екіталай нәрсе. Сондықтан үлкен адамдарға көрші елден, ортақ тілді білетін, орыс тілін түсінетін елдерден бастаңыз дер едім. Ал жастарға ешқандай шек қоя алмаймын. Ағылшын тілін меңгерген  жас кез келген елден бастауына болады.

 

Екіншіден, сақтық ережелерін ұмытпау керек. Ереже деген әуежайдан басталады. Көп жүк а