Күншуақты Оңтүстіктен бастау алатын көктем қандай керемет! Даламыз сан алуан түске боянады. Қызғалдақтар қаптап өскен алқап бейнебір қызыл кілем іспеттес. Айнала-төңіректің аурасы, гүлдердің хош иісі сезіміңді сергітіп, көңіл-күйіңді көтереді. Табиғаттың тамаша көрінісіне тамсана қарай бергің келеді.
Сондай қасиетті жердің бірі – Түлкібас ауданындағы Шұбайқызыл шоқысы. Ол жыл сайын сәуір айында қып-қызыл кілемге боянады. Қызғалдақ-сарғалдақтар келушілерге керемет көңіл-күй сыйлап, ерекше әсерге бөлейді. Мұнда Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі, Түлкібас аудандық әкімдігі мен аудандық мәслихат, облыстық мәдениет басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы және «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен, сондай-ақ сол өңірдің тумасы, қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының, Түлкібас, Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы Мархабат Байғұттың бастамасымен талай ізгілікті іс-шаралардың өткізіліп жүргенінен хабардармыз.
Мархабат ағаның елімізде өсетін қызғалдақтарға «Қазақ қызғалдағы», «Алатау қызғалдағы», «Қаратау қызғалдағы», «Қазығұрт қызғалдағы», «Ақсу алауы», «Жабағылы жалауы», «Шұбайқызыл шырайы» деген тамаша атаулар беру жөніндегі бастамалары бізді қуантады.
2002-жылы 27 – 28-қарашада Нидерландыға жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Н.Назарбаевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым қызғалдақ жайында айта келе: «Ұлы Жібек жолы» сан ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен тығыз байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кеңінен тарады. Гүл саудасында да ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары болып саналады. Сол үшін де сіздің елге қарыздармыз», – деп ағынан жарылған болатын.
Ал 2014-жылы 26-наурызда Елбасы Н.Назарбаевтың Нидерландыға жасаған кезекті сапарында оған өзінің фотосуреті бейнеленген голландтық жаңа пошта маркасы таныстырылды. Роттердам қаласында Қазақстанның құрметіне «Астана» деп аталатын жаңа алаң ашылды. Сондай-ақ мұнда «Президент Назарбаев» атты қызғалдақтың жаңа түрінің тұсаукесер рәсімі өткізілді.
«Біз қызғалдақтың бұл түрін дайындау үшін төрт жыл жұмыс істедік. Келесі жылы бұл гүлдерді Астана қаласында көретін боласыздар. Жаңа сұрып Қазақстан климатына бейімделген. Сіздердің Президенттеріңізді Нидерландының жақын досы десек болады. Оған деген құрметімізді осылайша білдіруді жөн санадық. Жалпы, әлемде Клинтонның, Буштың, біздің басшымыздың және тағы басқа да белгілі тұлғалардың есімі берілген қызғалдақ түрлері бар», – деді аталмыш қызғалдақ сұрыбының авторы Рини Вагтманс.
Көне аңыз-әңгімелерде жаугершілік заманда ел қорғаған батыр бабаларымыздың қаны тамған жерге араға жылдар салып қызғалдақтар қаптап шыққан дейді. Қаннан қалған қызғылт дақтар уақыт өте келе қызғалдаққа айналған көрінеді.
Иә, Қазақстанды «Қызғалдақтың Отаны» деп атауға толық негіз бар. Елімізде лалагүлдер, сарғалдақтар тұқымдасына кіретін қызғалдақ пен сарғалдақтың мынадай түрлері бар: Ақезу мәрпі, дәрі мәрпі, ақшыл секпілгүл, кіші секпілгүл, Алтай жуасы, Алтай күнделгісі, жасыл күнделгі, Альберт қызғалдағы, Альберт сарғалдағы, ашық құндызшөп, Бема қызғалдағы, Биберштейн қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, Бузовский қызғалдағы, бұйра лалагүл, Грейг қызғалдағы, жалған түкті қызғалдақ, жатаған қызғалдақ, имек жеміс тегеурінгүл, күмән тегеурінгүл, Индер шырышы, кеш қызғалдағы, Карелин ринопеталюм, Кауфман қызғалдағы, кәдімгі таушымылдық, көктем жанаргүлі, ұсақ гүлді жанаргүл, көкшіл жуа, ұзақ торлы жуа, қазжуа, қосгүлді қызғалдақ, мамыр інжугүлі, Островский қызғалдағы, Регель қызғалдағы, Сібір қандығы, Сібір ушырмауығы, Шренк қызғалдағы, Шымған қызғалдағы, Тауалға, Сиверцов корольковиясы, Түркістан қызғалдағы, ұзын желайдар және басқа.
Осылардың арасынан ала күлте қызғалдағы, ақшыл секпілгүл, Альберт қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, бұйра лалагүл, Грейг қызғалдағы, жатаған қызғалдақ, Кауфман қызғалдағы, кәдімгі таушымылдық, кеш қызғалдағы, көктем жанаргүлі, Колпаковский қызғалдағы, Корольков қызғалдағы, Островский қызғалдағы, Регель қызғалдағы, ұсақ торлы жуа секілді түрлері «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізілген. Жалпы, 32 қызғалдақ түрінің 11-і еліміздің эндемигі болып саналады, 16-сы арнайы қорғауға алынып, «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізілген екен.
Олар емдік қасиетке де ие. Қызғалдақ гүлінің пиязшығының құрамында 40 – 60 пайыз крахмал мен қант бар. Оның желектері мен қорапшасы тұқымымен халықтық медицинада бас, бауыр, өкпе ауруларын емдеуге пайдаланылған.
Шымкенттегі «Қызғалдақ» деп аталатын субұрқақтың маңы бүгінде студент жастардың сүйікті демалыс орнына айналған. Бозбала-бойжеткендер мұнда жиі-жиі бас қосып, сыр шертіседі. Жыл сайын қаламызда 1,3 миллион қызғалдақ отырғызылады. (Салыстырар болсақ, Қарағандыда 200 мың, ал Таразда 80 мың түп қызғалдақ егіледі екен).
АҚШ, Канада, Түркия елдерінде «Қызғалдақтар фестивалін» өткізу игі дәстүрге айналғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Төл қызғалдақтарымыздың қадір-қасиетін арттыратын «Қазақ қызғалдағы», «Шырайлым – Шұбайқызылым» секілді осындай игілікті іс-шараларды біздің елімізде де ұйымдастыруға мүмкіндік мол. Бұл шараның көпшілікке, әсіресе жастарға беретін тәрбиелік мәні зор деп есептейміз.
Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік университеті ақпараттық
білім беру орталығының кітапханашысы.
Шымкент қаласы.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!