Сіз «Үй әдебі», «Көз құрметі» дегенді білесіз бе?

15.03.2018
Қаралды: 511

Әжем өз бөлмесінен шығып, қонақ бөлмеге кіріп келе жатты. Қонақ бөлмеде немересі мен келінінің да­уыстары шығып тұрған еді. «Балам, кел, дастарханға отыр. Сорпаңды құйып қойдым, суытпай ішіп ал», – деді келіні.

 

 

Қонақ бөлменің бір бұрышындағы өзінің ауылдан әкелген көрпесінің үстіне отырған әжесін көрген немересі: «Әже, кел, бірге тамақ жейміз», – деді. Қарт ана бір күрсініп алып: «Үйдің отағасы келмей тұрып дастарханға отыруға болмайды. Әкең келсін, бірге жейміз, бұйырса», – деді оған.

 

Осы кезде келіні: «Ойба-ай, апа-ау, бұл әдеттердің заманы өтті, ескірді ғой. Қазір кім аш болса дастарханға сол бірінші отырады. Балаңыз келіп, өзі жей береді ғой», – деді жайбарақат. «Қызым, адамдардың өз әдебі секілді үйдің де өз әдебі, заңдары бар», – деді бұған қария сабырлы күйде.

 

Осы кезде немересі шыдай алмай, сөзге араласты. «Әже, не ол сонда үйдің әдебі деген?» – деп аңтарыла сұрады. Сонда қарт ана былай деді:

 

«Біз кішкентай кезімізде әкеміздің алдында дұрыс отыруды үйренетін едік. Үйде ата-анамыздың алдында аяғымызды созып отырмайтынбыз, үлкендер сөйлесіп отырғанда олар рұқсат бермейінше сөзге араласпайтынбыз. Бөлмеге үлкендер келгенде тұра қалып орын беретінбіз.

 

Әкеміз дастарханға отырмай біз ешқашан жақындамайтын едік. Ол келіп жайғасқасын: «Бисмилла! Ал, ке­ліңдер», – дегенде ғана барлығымыз жүгіріп келіп отыра қалар едік. Ас соңында міндетті түрде дастархан батасы оқылатын. Отбасымен бірге жеген астан дәмді тамақ болмайды, құлыным! Дастархан әдебі деген сол».

 

Әже әңгімесі немерені қатты қызықтырды. «Ой, әже, бұлардан стресс болмайсыз ба?» – деді ол таңдана.

 

«Жо-оқ, құлыным, – деді әже. – Біздің заманымызда құрмет болған жерде махаббат бірге жүретін. Махаббат болған жерде қайдан стресс болсын? Тамақ дәмді, ұйқымыз тыныш. Білесің бе, мен стресс деген сөзді осында, қалаға келгесін естідім.

 

Біздің ауылда ақылы кемістеу бір бала болатын. Бәрі оны «Жынды Ибраһим» деп атаушы еді. Ол кезде сол жынды Ибраһим де стресс дегенді білмейтін, бақытты болатын. Кешке дейін көшеде балалармен ойнайтын, қарны ашса бір есікті барып қағатын. Қай есікті қақса да оны үй иелері той­ғызып жіберетін еді. Шашы өсіп кетсе шаштараз шашын қиып беретін. Моншашы оны шомылдырып тұратын. Жұма күндері ауыл кісілері оның қолынан жетелеп намазға апаратын. Ешкім оны кемсітпейтін.

 

Қазір ешқандай нәрсеге құрмет қалмады. Қарашы, бүгінде үйлерге де құрмет жоқ. Кеш болса да перделер жабылмаған, барлық үйдің іші көрініп тұр, бірақ ешкім ұялмайды.

 

Біз кеш батпай тұрып перделерді жауып, жарықты қосатын едік. Перде жабық болса да киімімізді ауыстыруға ұялып, бұқпантайлай отырып ауыстыратын едік. Сырттан көлеңкеміз көрін­беуін ойлап ұялатынбыз».

 

Осы кезде беті қызарған келіні ақырындап тұрып барып перделерді жапты.

 

«Үйдің әдебі пердесінің қалай тұрғанынан белгілі болады» дейтін еді үлкендеріміз, – деді әже. – Үйдің алдына ешкім іш киімдерін іліп, жайып қоймайтын. Көршілерден ұялатын еді.

 

Бірде, кішкентай кезімде мен шалбарымды үйдің алдына іліп қойған едім, анам келіп: «Қызым, әкең бүгін аулаға шыққан кезде сенің шалбарың ілулі тұрғанын көрді. Қалай ұялғанымды білсең ғой! Екінші рет оныңды ортаға ілме, үйдің артына іл, үстінен жұқа матамен көлегейлеп қой», – деді. Мен ол кезде 12 жаста едім. Анам мұны айт­қанда ұялғанымнан жерге кіріп кетсем екен деп тұрдым.

 

Ал қазір қалай? Өткенде таза ауамен демалайын деп балконға шығып едім, қарсыдағы көршіміз барлық кірін жа­йып қойыпты. Ұялғанымнан ішке кіріп кеттім.

 

Бүгінде тамақты сыртта жей беретін болды. «Көз құрметі» деген болатын еді, қазір оны ешкім де ойламайды. Біз базардан сатып алғанымызды әдемі пакетпен үйге әкеліп, дәмді тамақ жасайтын едік. Көзге құрмет жасауымыз керек, қызғаныш деген болады. Ол тамақты алуға ақшасы жетпейтіндер де бар, соларға құрмет көрсетуіміз керек.

 

Пайғамбарымыз (с.а.с): «Тамағыңыздың иісімен көршіңіздің үйінде аза оқымаңыз», – деген, соны есте ұстаған абзал.

 

Үйдің тағы бір әдебі бар. Ең маңыздысы да осы. Үйдегі жағдайлар  – жегеніміз, ішкеніміз, әңгімелер, ұрыстар ешқашан сыртқа шығарылмауы керек. Бұл да үйдің бір әдебі, ешкімге айтылмауы керек. Сондықтан үй ішіндегі мәселелер оңай шешіледі. Пайғамбарымыз да: «Әсіресе әйелі мен күйеуі арасындағы әңгімелер ешкімге айтылмайды. Айтылса, ол күнә болып табылады», – деген хадистер айтқан. Солай емес пе, Ләйлаш?» – деді келініне. Ләйла ұялыңқырап: «Иә, әже», – деді ақырын ғана.

 

Бұдан кейін әже мен немере арасында мынадай әңгіме болды:

 

«Әже, қазір «Инстаграм» деген нәрсе бар. Адамдар ресторанда отырғанын, не жегенін суретке түсіріп, сол арқылы мыңдаған адамға көрсетеді».

 

«Ойбу-уй... Адам қай уақытта не жегеніне дейін айтып отыра ма, немене?» «Әрине, әже. Әр нәрсенің фотосуреті бар. Қыдырған жерлерінің, не жегені, не кигені, жұбайы алған гүлдің үстіне жазылған тілектердің де фотосуреті бар».

 

«Құлыным-ау, сен не айтып отырсың? Ақыр заман жақындап қалғаны ма? Үйлер тырдай жалаңаш болып қалды ма? – деп көзі жасқа толған әже әңгімесін қайта жалғастырды. – Біз отағасының жанында бірге жүруге ұялатын едік. Жесірлер бар, тұрмыс құра алмайтын қыздар бар, солардың көңілін жаралағымыз келмейтін. Отағасынан бір қадам артта жүретінбіз.

 

Ал қазір көшеде ұрысып тұрады, сүйісіп тұрады жастар. Әрине, ар-ұят жоқ жерде мейірім де қалмайды. Үлкендерімізге құрмет көрсетсек, бұл үйіміздің берекеті болар.

 

Үйдің ұяты – жабылған перделер болатын. Ал махабаттың ұяты  – жасырыну. Көздің ұяты – көзде. Дененің ұяты – жабық киімдер. Ұялу, ар-намыс – иманнан келетін нәрселер».

 

Әжейдің әңгімесін мұқият тыңдаған келіні қатты ұялды. «Дұрыс айтасыз, әже. Біз ар-намысымызды ұмытқан екенбіз. Кешіріңізші! Мұндай нәрсе ендігәрі қайталанбайды», – деді қарияға қиыла қарап.

 

Бұл әңгіме кішкентай немереге де жақсы әсер етті. «Мен тамақты әкем келгенде онымен бірге жеймін», – деді қасығын үстел үстіне қойып жатып.

 

Қария өзінің айтқан сөздерінің келіні мен немересіне әсер еткенін байқап: «Құдайға шүкір!» – деді риза кейіпте.

...Жұртшылық арасында айтылатын бұл әңгімеде үлкен ғибрат бар. Сіз де өзгелерге айтып, тарата жүр­гейсіз.

 

А. БАЙМҰРАТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ