Баланы ұрып жазалаған дұрыс па?

20.02.2018
Қаралды: 346

«Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала» дейді халық даналығы. Әрине, барлығымыз да балаларымыздың әдепті болғанын, үлгілі жүргенін қалаймыз. Сол үшін де үнемі тәртібін қадағалап, тәрбиелеп отыруға әрекет етеміз. Бірақ біздің бұл бағыттағы әрекеттеріміздің көбі «кінәліні» жазалаудан арыға аспай жатады. Жөнсіз қылығын байқай қалсақ, бас салып ұрысып немесе сотқарлығына сай «сыбағасын» беріп жатамыз. Бірақ баланы «таяқпен» тәрбиелеу оның дұрыс қалыптасуына кері әсер етері тағы анық. Мына нәрсе есіңізде болсын:

 

Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сү­йіс­пеншілікте. Әсіресе кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Олар тек сүйіспен­шілікпен ғана өсіп-жетіледі десек, артық айтқандық емес. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Ендеше, сүйіс­пеншілік – бала тәрби­есіндегі негізгі қағида.

 

Баланың қатесін түзетіп, дұрысын үйретуде оған жа­за берудің ерекше орны бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ жазалаудан бұрын қателерді түзетуде ең әуелі мейірім мен насихаттың әсері мол екенін ескер­геніміз жөн. Себебі балалар көбіне жасаған қателік­терінің парқына бара бермейді. Мұндай жағдайда балаларға ұрсып-зекудің пайдасынан зияны басым болады. Зерттеушілер құшаққа алынып, құштарлана сүйілмеген, басынан сипалып, маңдайынан иіскелмеген балалардың кейбір психологиялық ауруларға ұшырайтынын дәлелдеуде. Балаға көп ұрсып, оған ұзақ ақыл айт­қаннан гөрі оның басынан сипап, мейірім көрсетіп, арқасынан қағу әлдеқайда әсерлі.

 

Баланы әуелі тыңдай білу керек. Сөйлеген бала өзінің ішкі дүниесін ашып береді. Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді. Сол  себепті баланың не ойлап тұрғанын білу қажет. Біз көбіне баланы қателікке ұрындырған себептерді іздемейміз. Дереу өзіне ұрса жөнелеміз.

 

Балалар балалықпен қате жасайды. Ал үлкендер болса, олардан үлкен кісінің істейтін ісін күтеді.  Ба­ла болса, өз ісінің қателігін түсінбе­ген­діктен ата-анасының, үл­кендердің не үшін ұрысқанын, неге жазалағанын түсінбей дал болады. Сөйтіп, ата-анам мені жақсы көрмейді деген ойға қалады.

 

Ата-аналардағы қателіктердің бірі – баланы не болса содан тыйып, іс-әрекетін шектей беруі. Баланың қате қылығын тыйған кезде орнына басқа бір дұ­рыс нәрсені көрсету керек. Олай болмағанда бала баяғы істеген қателіктеріне қайта басуы не болмаса қырсық мінезділікке бейімдеуі мүмкін. Мысалы, бала ыдыс-аяқпен ойнағысы келгенде дереу қолынан ыдыс­ты жұлып алғаннан гөрі «ойнасаң, мә, мына сынбайтын ыдыспен ойна» деп оған бас­қа ыдыс беру керек. Үйдің қабырғасын сызғыштап ойнаған баланың қолына дереу басқа бір дәптер не қағаз ұстатып, «сызсаң мынаған сыз», «жүгір­сең мұнда емес, ана жерде жүгір», «көрсең бұл фильмді емес, ана фильм­ді көр» деген секілді баламаларды көрсетуіміз қажет.

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ