13 миллиард долларды халыққа бөліп бермекші

15.01.2018
Қаралды: 1528

Сауд Арабиясының билігі 13 миллиард доллар қаржыны халыққа бөліп бермекке шешті. Бұл шаруа биылғы жыл ішінде атқарылуы тиіс.

Өйткені Сауд Арабиясында енді бензин бағасы қымбаттайды, қосымша құн салығы артады, яғни біршама қымбатшылық басталады. Сондықтан билік аталған сомадағы қаржыны жұртшылыққа өтемақы ретінде үлестірмек ниетте.

Мәселе ел билеушісі – Корольдің бұйрығымен қолға алынған. Енді мемлекеттік қызметшілерге (олардың қатары 1 миллион 200 мың адамды құрайды екен) ай сайын 266 доллардан төленеді. Мұндай өтемақы зейнеткерлер мен әскерилерге де тиесілі болмақ. Бұдан басқа да бірқатар мәселелерде жеңілдіктер жасау қарастырылған. Бұл бастамаға кейбір ірі бизнес құрылымдары да іс жүзінде атсалысатын болып шешіпті.

Ал бұған Король әулетінің кейбір мүшелері үзілді-кесілді қарсы. Өйткені бұл шара олардың осыған дейін пайдаланып келген кейбір жеңілдіктеріне кесірін тигізеді, яғни олар қысқарады. Мысалы, енді олар өздері тұтынған су мен электр қуаты үшін ақыны өз қалталарынан төлейтін болады. Осыған қарсы 11 ханзада өткен 6-қаңтарда Эр-Риядта наразылық шарасын өткізген еді. Оларды корольдік гвардия сарбаздары тұтқындап, қамап қойды. Енді олар сол істері үшін заң жүзінде жауап беретін болады.

...Естеріңізде болса, өткен жыл соңына қарай Сауд Арабиясында бірнеше ханзада мен мемлекеттік лауазымды қызметкерлер және ірі кәсіпкерлер қамауға алын­ған болатын. Оларға мемлекет қаржысын талан-таражға салған деген айып тағылған. Бұл азаматтардың басым көпшілігі кейін миллиондаған доллар қаржыларын мемлекет қазынасына құюға уәде етіп барып бастарына еркіндік алған еді.

Кейінгі кездері Сауд Арабиясында осындай тосын жайлар орын алып жатыр.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ