Жаюлы тұрған киімдерді ұрлап кетіпті

19.12.2017
Қаралды: 483

Жолда көп жүретіндігімнен болар, жазатын тақырыбым да жолаушылардың екеуара әңгімесінен туындайды. Ауыл адамдары әңгімешіл келеді ғой, сыбырласпай-ақ, айтар ойын  дауыстап айта береді.

Осыдан екі-үш күн бұрын Шымкентке бару үшін ауылдан таксиге отырғанмын. Алдында отырған кісі жүргізушінің назарын аудармайын деді ме, отқа көмір емес, тас жағып жатқанын  айтып, артына бұрылды. Менікі де сондай болғанын айтып, оны қостай кеттім. Екеуміз көмір сататындарды жер-жебіріне жетіп сыбап отырғанымызда жүргізуші әңгімемізге араласты.

«Мен сәл ертерек түсірген едім, Құдайға шүкір, көмірім жақсы болып шықты, – деді ол. – Бірақ көршілерім ортақтасып бәле болып жатыр. Жаңадан көшіп келгендіктен әлі сарай салмағанмын. Көмір сыртта тұр. Күні бойы жұмыста боламыз, кешкісін келгенде көміріміздің бір шетінен алынғаны білініп тұрады. Қай көршімнен күмәнданып, қайсысымен барып ұрысайын? Ішімнен бір сыбап аламын да қоямын.

Қайбір күні түн ортасында тықырлаған дауыстан оянып кеттім. Тыңдап көрсем, көмір салып алып жат­қан дауыс сияқты. Атып сыртқа шықсам, шалы екеуі ғана тұратын көрші кемпір, отырып алып асықпай көмірді тықырлатып салып алып отыр. «Мұныңыз не?» – десем, «Жаурап өліп бара жатырмын, қайтейін енді?» – дейді. «Қараңғы түспей тұрып сұрасаңыз, бір емес, екі шелек берер едім ғой», – дедім. Жалғыз ұлы қалада тұрады. Осы уақытқа дейін әке-шешесіне неге көмір түсіріп бермей жүргенін қайдам?»

Жүргізушінің әңгімесін алдында отырған кісі іліп әкетті.

«Айтпа, ауылда ұрлық деген өршіп тұр, – деді ол кісі. – Өткен аптада төртінші сыныпта оқитын баламның он екі мың теңгеге сатып әперген етігі ұрланды. Бір-ақ күн киген еді. Сол күні қонақ келген үйге. Балам сабақтан келіпті де, етігін тысқа шешіпті. Оны ұрлайды деген кімнің ойында бар, қонақпен әңгімеміз қызып отыра бергенбіз ғой. Ертесіне, балам сабаққа барар кезде бір-ақ білдік қой ұрланғанын.

Етік ұрлатқанымызды айтсақ, тағы бір көршіміз әйелінің жаюлы тұрған ішкиімдерінің жоқ боп кеткенін айтып күледі. Ол кімге керек болды екен?»

Осындай әңгімемен жол қысқарып, қалаға жеткенімізді де сезбей қалдық.

Ұрлықтың бұлайша көбеюі жақсылықтың нышаны емес. Демек, ел ішінде күнкөріс қиындап, халық қиналып жатыр деген сөз. Бұған билік басындағылардың басы ауыруы тиіс. Алайда біздің билік бас­қа әлемде, қарапайым халық басқа әлемде тұрып жатқан сияқты, жаңалықтар мен ел ішіндегі жағдай екі бөлек қой.

Биліктегілер орташа жалақы деңгейі 149 мың теңге көлемінде деген кісінің күлкісін келтіретін ақпарат­қа сеніп қалған-ау. Әйтпесе 149 мың теңге жалақы алатын адам әйелдердің аулада жайылған ішкиімі мен бір күн киілген етікті қайтсін деймін да.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ