Шымкенттен де шетелге тауар шығарылады

31.07.2017
Қаралды: 657

Мемлекет тарапынан қолдау тауып, тіршілігін дөңгелентіп жатқан кәсіпорындарды насихаттау мақсатында Шымкентте орналасқан «Ырыс» шағын қаржы орталығы журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырды.

Қаланың Түркістан көшесінде орналасқан «Оңтүстік былғары» ЖШС-і 2015-жылы құ­рылып, содан бері ұлттық нақыштармен безендірілген тері бұйымдарын шығарумен ай­налысып келеді екен. Кәсіпорын әйелдердің сөмкесін, опа-далап салатын қобдишасын, әмиян, тағы басқа бұйымдарды шығарады.

– Біздің Оңтүстікте тері бұйымдары өндірісі дамымаған, – дейді серіктестіктің директоры Нұржамал Мержібаева. – Осыны байқап, тері бұйымдары нарығын зерттедім, сауда үйлерін араладым. Содан өзімнің бизнес-жоспарымды жасап, облыстық кәсіпкерлік басқармасына ұсындым. Бизнес-жоспарым қолдау тапты, нәтижесінде инновациялық жобаларды қолдау мақсатындағы 2 миллион теңге грантты ұтып алдым. Бұл қаржыға жаңа жабдықтар мен шикізат сатып алдым.

Шығарған бұйымдарымыз Шымкентте таныла бастады. Біздің өніміміздің алғашқы үлгілері Алматы мен Астанадағы ірі сауда үйлеріне ұнады. Қазіргі күні олармен әріптеспіз, өнімімізді өткізіп отырамыз. Алматыдағы әріптесіміз арқылы таяу арада Мәскеу нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Бизнесімізді ұлғайту үшін осыдан бір ай бұрын «Ырыс» шағын қаржы ұйымынан 2 миллион 800 мың теңге несие алдық. Осы қаржының көмегімен жұмысымызды жандандырдық. Бізде бар-жоғы бес-ақ адам жұмыс істейді. Жақсы сауда менеджерін қажет етіп отырмыз.

Негізі Шымкентте тері бұйымдары мамандары жоқтың қасы. Сондықтан өзіміз зерттеп, меңгеріп, ізденіп жұмыс істеудеміз. М.Әуезов атындағы ОҚМУ маман даярлауға көшті, бірақ оның алғашқы легі оқуды келесі жылы бітіреді.

...Содан кейін журналистер қаланың «Оңтүстік» индустриялық аймағында ор­наласқан «Spіrіt Казахстан» деген ЖШС-тің жұмысымен танысты. Мұнда жоғары технологиялық жабдықталған цехтардан шөлмектің аузына жабатын полимерлік тығын, жеміс-жидекке арналған пластик жәшік, үрлегенде 0,5, 1 немесе 1,5 литрлік «баклашкаға» айналып шыға келетін преформа өндіріледі екен. Жәшікті өз облысымыздың аудандарындағы ауыл шаруашылығы ны­сандары алып кетіп отырады. Ал шынының тығыны мен преформа өнімдері Қырғызстан мен Тәжікстандағы өнеркәсіп кәсіпорындарына экспортталады және өзіміздің ішкі нары­ғымызда да сұранысқа ие.

– Жоғары технологиялық тұрғыда жабдықталған цехтарымызды салып, сапалы өнім шығару мақсатында «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан 514, 8 миллион теңге несие ал­дық. Құдайға шүкір, өндірісіміз қарқын алып келеді, – дейді «Spіrіt Казахстан» ЖШС директоры Азамат Жүнісов.

С. НАҒАШЫБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ