Біз ылғи асығып жүреміз. Тұра салып жұмысқа, жұмыстан үйге асығамыз. Ай басталса, тезірек ортасы болса, ортасына жетсек, тез аяғы болса дейміз. Қыс болса – жазды, жаз болса – қысты аңсаймыз. Сөйтіп, зымырап өтіп жатқан алтын уақытымыздың, басымыздан өткен бақытты сәттердің бағасын кеш біліп жатамыз. Уақыт өткен соң сол кез менің ең бақытты сәтім болған екен ғой деп сағынышпен еске аламыз. Осындай өкінішке қалмас үшін не істеу керек? «Орал өңірі» газетінде мынадай кеңестер жарияланыпты:
* Ұйқыдан оянған сәтте тағы бір таңды қарсы алғаныңызға шын ниетіңізбен қуаныңыз. Сізге ғұмыр сыйлаған Алла-тағалаға алғысыңызды айтып, осы күніңіздің сәттіліктерге толы болуын тілеңіз.
* Айнаға қарап, әлемдегі ең сүйкімді жан – өзіңізге алыстан күліп, сәлем беріңіз. Сол күлкіден кешке дейін жетердей қуат алыңыз. Содан соң көтеріңкі көңіл-күймен шаруаңызға кірісіңіз.
* Қызметке келе жатып, айналаңызға көз салыңыз. Әсем табиғат, көңілді адамдарға көбірек назар аударыңыз. Мүмкіндігінше жымиып жүріңіз, ішкі жан дүниеңізге өкпе-ренішті жолатпауға, адамдар туралы теріс ой-пиғылдарды сақтамауға тырысыңыз.
* Өмір болған соң, әрине, Сіздің де жаныңызға сызат түсірген, көңіліңізге қаяу салған жандар болады. Бірақ олар да Сіз секілді адам, сондықтан оларды шын пейіліңізбен кешіріңіз. Өйткені басыңыздан өткен жағымсыз сәттерді жиі еске ала беретін болсаңыз, оның бәрі жүрегіңізді жаншып, ауруға ұшыратуы мүмкін. Өкпе-реніш жүрегіңізде шемен болып қатып қалмауы керек.
* Қол жеткізген әр жетістігіңізге шын қуана біліңіз. Есіміңізді айтып, өз-өзіңізді мақтап қойыңыз. Бағаңызды біліңіз, дегенмен дандайсымаңыз. Қандай жағдайда да ішкі даусыңызды тыңдаңыз.
* Шыны керек, біз әлдекімді сынағанды жақсы көреміз. Біреулер туралы теріс пікір айтқанды, сөздің тура мағынасында жамандағанды ұнатамыз. Ал ол адамның да дәл өзіміздей адам екенін, оның да сүрініп, қайта тұруға қақысы бар екенін ескере бермейміз. Егер Сіз жан дүниеңіздің кіршіксіз тазалығын сақтап, өміріңіздің ұзақтығын қаласаңыз, біреулер туралы теріс пікір айтудан мейлінше аулақ болыңыз.
* Өмірдің тосын дауылдары мен сынақтарынан абыроймен өтуге тырысыңыз. Мұндай сәттерде ең бірінші Алла-тағалаға, сосын өзіңіздің ішкі күш-жігеріңізге сеніңіз. Абай атамыз «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деп бекер айтпаған. Сізге осынау әлемді көруге жағдай жасаған Жаратушы иеміз бұл сәтте жалғыз қалдырмайды. Көмек қолын созатын жақсы адамдарға жолықтырады.
* Мүмкіндігінше айналасын шуаққа толтырып жүретін көңілді жандардың қасында көп жүруге тырысыңыз. Өтіп жатқан қоңырқай, сұрғылт күндердің өзінде көңіл күйіңізді көтерудің амалын іздеңіз. Басыңыздан өткен қиындықтар үшін әлдебіреуді кінәламаңыз. Егер абайсызда сүрінсеңіз, оған тек өзіңіз кінәлісіз. Әрі бұған бола мүжіліп, жаныңызды жегідей жеп, езіліп кетпеңіз. Керісінше, беліңізді бекем буып, қиындықтан шығудың жолын іздеңіз.
("Керек кеңестер", №22(30) 2011 ж.)
Сізге арналған сәлемхат
Құттықтаймыз!
* Айзат және Нұрзат! Сендерді сегіз айға толған туған күндеріңмен құттықтаймыз! Апасы, атасы, бабасы. 8-775-458-20-89.
* Ұлымыз Мейіржан Нұрғалиды 23-қараша – туған күнімен құттықтаймыз. Дені сау, үлкен азамат болсын! Әкесі Ерік, анасы Гүлназ. 8-702-748-37-42.
* Бөлеміз Айнұрды 18-қараша – туған күнімен құттықтаймыз. Мөлдір судай шаттықты, аппақ гүлдей ақтықты тілейміз. Жұлдыздардай жарқырап, бол әрқашан бақытты! Зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз. Өмірлік серігің болсын! Сені жақсы көреміз. Тілек білдірушілер – жезде және бөлелерің. 8-775-956-21-89.
* Ағам Ерғали Ниятбековті 14-қараша – туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Оған бұл өмірдегі барлық жақсылықты тілеймін. Өмірде бақытты бол! Қарындасы Жазира. 8-775-648-93-21.
* Айман жеңгемізді өткен туған күнімен құттықтаймыз. Азамат ағам екеуіңіз бақытты болыңыздар! Аягөз, Асқат, Аят. 8-775-497-94-95.
Жаңа кітап
Қазақтың ұлттық тағамдары
«Замана» Баспа үйінен «Қазақтың ұлттық тағамдары» атты кітап жарық көрді. Онда ұлтымыздың жеңсік тағамдары мен оларды даярлау жолдары, қазақи дастарханға қатысты әдет-ғұрып, жөн-жосық, салт-дәстүрлер баяндалған. Кітапта сонымен қатар қадірлі қонақтарға, құда-жекжаттарға, жасы үлкен ағайынға тартылатын сый табақ, ұлттық тағамдарды дәмді етіп әзірлеудің құпиялары да жазылған. Ұлттық ыдыс-аяқтар мен тағамдарға қатысты қазақтың ырымдары мен тиымдары да қамтылған кітаптың әр шаңырақтан табылғаны жөн-ақ.
Сіздер бұл кітапты барлық жердегі газет таратушылардан сатып ала аласыздар. Ал көтерме сауда жөнінде мына телефондарға хабарласуға болады: (8-725-2)-53-50-94, 43-24-67.
Жаңа кітап
Әйелдер, Сіздер үшін!
Көктемде әсіресе қыз-келіншектер әсемденіп, бой-бастарына шындап көңіл бөле бастайды. Оларға мұндайда әсемдік сырлары, денсаулық күтімі туралы ақыл-кеңестер керек-ақ. Осы орайда «Замана» баспасы оқырман назарына «Әйелдерге арналған әңгіме» деп аталатын танымдық кітап ұсынғанын естеріңізге саламыз. Бұл кітаптан әйелдерге қажетті сан түрлі ақыл-кеңестерді таба аласыздар.
Жаңа кітап
Жар таңдай білесіз бе?
Көктемде ел ішінде үйлену тойлары көбейеді. Ал үйленудің өзі де жан-жақты дайындықты қажет ететін маңызды іс, өмірдің ыстық-суығын бірге көтерісе алатын жар табу әркімнің-ақ арманы. Осы орайда «Замана» баспасы оқырманға «Жар таңдай білесің бе?» деген тақырыпта шыққан кітапты ұсынады.
Жаңа кітап
Тез байығыңыз келсе...
Онда «Замана» баспасынан жарық көрген «Тез байығыңыз келе ме?» деген кітапты алып оқып көріңіз. Бұл кітапта бақуат тұрмысқа қол жеткізудің қыр-сырлары жөнінде егжей-тегжейлі айтылады. Ол көп нәрсеге көзіңізді ашары анық.
Құлағыңыз түрік жүрсін!
«Керек кеңестерден» кеңес алыңыз
Өмірдің әр саласында әркімнің өз көрген-білгені, көңілге түйгені бар. Осы тұрғыда ол туыстарына ғана емес, қажет еткен басқа жандарға да пайдалы ақыл-кеңестерін беріп отырады. Ал мұндай сауапты іске газеттер атсалысса, оның көпшілікке берері тіпті де еселене түспек. Бұл бағытта «Замананың» қосымшасы – «Керек кеңестер» газетінің атқарып жатқан істері жетерлік.
«Керек кеңестер» газетінің биылғы 1-ші нөмірі жарыққа шықты. Онда тұрмыс-тіршіліктің сан саласын қамтитын түрлі кеңестер молынан жарияланған. Оқыңыз, керегіңізге жаратыңыз!
Негізгі бет
ұлу жылдарында қандай оқиғалар болған?
1904-ші, Ұлу жылында дүниеден халқымызға мол мұра қалдырған данышпан Абай өтті. Кезінде ол айтып кеткен көп нәрселер әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Бұл жыл халық жадында сондай-ақ Ресейдің жеңілуімен аяқталған 1904 – 1905-жылдардағы орыс-жапон соғысының басталуымен де қалған еді.
1916-жылы 25-маусымда Николай патшаның Ресей империясына қарасты Түркістан және Дала өлкелерінде тұратын халықтан әскердің қара жұмысына адам алу жөніндегі жарлығы шықты. Ол кезде Батыста бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан болатын. 19 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтарды майданға алу жөніндегі осы жарлыққа қарсы Қазақстан мен Орта Азияда халық көтерілістері бұрқ ете қалды. Ұлт-азаттық көтерілісі әсіресе Қазақстанның көп жерін қамтыды.
1928-жылы Қазақстанда ірі байлардың малын тәркілеу науқаны жүргізілді. Бұл кезде КСРО-да бірінші бесжылдық басталған болатын. Сондай-ақ Троцкий бастаған оппозиция ө кілдерін жер аудару да осы жылы басталған. Лев Троцкий сол жылдары Алматыда тұрған.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Шымкентте 1200 көрерменге арналған жаңа цирк ғимараты пайдалануға берілгені белгілі. Ондағы ауқымды құрылыс жұмыстары рекордтық қысқа мерзімде, яғни 2010-жылы басталып, 2011-жылдың желтоқсанында, бас-аяғы бір жыл ішінде аяқталғанынан да жұрт құлағдар. Содан бергі бір ай бойы онда Мәскеуден келген Ю.Никулин атындағы цирк ұжымы аптасына екі мәртеден өнер көрсетті. Билеттер құны 1500-5000 теңге аралығында болды. Қысқасы, шымкенттіктер цирк өнерін тамашалауға мүмкіндік алды.
Дегенмен бұл жақсы жаңалыққа көлеңке түсіріп тұрған жайлар да жоқ емес. Бірінші кезекте ол цирк ғимараты аумағында автотұрақтың жоқтығына байланысты айтылуда. Яғни циркті тамашалауға барған жұрттың көбі сол күндері көліктерін қайда қоярын білмей, жол қапталдарына қоюға мәжбүр болды. Цирктің алдынан өтетін Б.Момышұлы атындағы көше екі жақты болғанымен аса кең емес, сондықтан мұнда көлік кептелістері көбейді. Тіпті алғаш келгенде мәскеулік қонақтардың цирк хайуанаттарын артқан көліктерінің батпақтап әуреге түскенін айтып жүргендер бар. Бұл, әрине, жақсы көрініс емес.
Менің нағашы атам Мырзабай қажы елге беделді, бай адам болған екен. Түбі отырарлық, руы Божбан, оның ішінде Итемген. Ол кісі өз қаражатына медресе салдырған, молда, мұғалімдер жалдап, қазақ балаларының сауатын ашуға көп көңіл бөліпті. Өз анам Саттар Ерубаевпен бірге сол медреседе оқыған. Саттардың әкесі Асқар, Ерубайлар Мырзабаймен жақын туыс болып келеді.
Мырзабай қажының бес баласы болған, біреуінің есімі Досыбай. Досыбай менің анам Айзаданың әкесі. Ол ел ішін жайлаған қуғын-сүргін кезінде (шамамен 1928-1929-жылдары) байлығы үшін жер аударылыпты. Байларды бала-шағаларымен пойызға тиеп әкетіп бара жатқанда Досыбай сол кездегі төрт-бес жасар қызы Жанбаладан көз жазып қалыпты. Ал баласын іздегендердің зарына оларды күзетіп бара жатқандар құлақ аспайды. Бұл – Түркістанда болған оқиға.
Содан шырқырап жылап жүрген кішкентай Жанбаланы тауып алғандар оны Арыс қаласындағы балалар үйіне өткізеді. Өзінің атын есіне түсіре алмаған кішкентай қызды тәрбиешілер Гүлсара деп атап кетеді.
Кешегі аптада Шымкенттегі Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына Ресейден арнайы хат келді. Хат жолдаушы Татарстанда Еділбай қойларын өсірумен шұғылданатын «Эдильбай-Поволжье» серіктестігінің басшысы Андрей Фалалеев Оңтүстік ғалымдарының Еділбай қойы мен Гиссар (қисары) қойын будандастыру арқылы шығарған жаңа қой тұқымы туралы естігендерін, осы бағытта тәжірибе алмасу үшін біздің облысқа келу ниеттері бар екендіктерін білдіріпті.
«Сіздердің жаңалықтарыңыз жөнінде толық ақпар алуға қатты қызығып отырмыз, – дейді А.Фалалеев. – Сондай-ақ сіздерден аталған қойдың асыл тұқымды қошқарлары мен аналықтарын сатып алу да ойымызда бар. Олардың құны мен жас шамалары туралы да білгіміз келеді».
Бұл жағымды жаңалық туралы естіген соң біз аталған институтқа барып, мекеме бас директорының міндетін атқарушы Нұрадин Әлібаевтан ресейліктерді аса қызықтырып отырған жаңалық жөнінде сұрадық.
Оңтүстік спортында – ірі жаңалық. Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенті Мөлдір Әзімбай алдағы жазда Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өтетін XXX жазғы олимпиада ойындарына берілетін лицензияны жеңіп алды. Ал мұндай қуанышқа шымкенттіктер араға 32 жыл салып барып кенеліп отыр. Яғни 1980-жылы спорттық гимнастикадан олимпиада лицензиясына тұңғыш рет әйгілі шымкенттік гимнаст Нелли Ким ғана қол жеткізген болатын.
Мөлдірдің жасы таяуда ғана 16-ға толыпты. Ол бүгінде Шымкенттегі гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті. Біз аталған мектепке барып, Мөлдірдің өзімен және оның ұстазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Галина Долгополовамен сұхбаттастық.
Мөлдір қарапайым отбасында туып-өскен. Спортпен 7 жасынан, Шымкенттегі Горький атындағы №12 мектептің 2-ші сыныбында оқып жүрген кезінен шұғылдана бастапты. Ал аталған спорт мектебіне оны 2002-жылы алғашқы жаттықтырушысы Алина Жарменова ертіп келген.
«Отбасындағы төрт баланың кенжесімін, – дейді Мөлдір. – Олжас, Жолдас есімді ағаларым, Динара деген әпкем бар. Спортшы болуға кішкентай кезімнен құмарттым. Маған бұл спорт түрі өте ұнайды. Чемпион болып, ата-анамды қуантқым, Қазақстанның атын шығарғым келеді».
Бүгінде барлық жерде өткен жылды қорытындылап, жақсы көрсеткішке жеткендерді марапаттап жатыр. Біреулердің суреті Құрмет тақтасына да ілінеді. Олардың арасына халыққа етене таныс болмағанымен басшылардың тілін тапқыш адамдардың да еніп кететіні жасырын емес. Жақында Шардарадан мынадай хабар алдық.
«Аудан басшысы М.Марайым 2010 жыл қорытындысында «Жыл адамы» атағын Қ.Әкбаровқа қандай еңбегін бағалап бергеніне Сырдария ауылының тұрғындары аң-таң, – дейді Жора Бейсен есімді азамат (суретте). – Өйткені ауыл тұрғындары Қ.Әкбаровты бес саусағындай біледі. Ол өмірде аудан төңірегінде мемлекеттік қызмет атқарып көрген емес. Тіпті еңбек кітапшасы ашылмаған болуы да мүмкін. Оның «Жыл адамы» атағын алатындай істеген еңбегін халық білмейді».
Осыған орай біз аудандық мәслихаттың төртінші шақырылымдағы хатшысы Тоқсанбай Бердібековке хабарласып, Қ.Әкбаровқа ондай атақ не үшін берілгенін сұрадық.
Халқымыз еркелетіп Димаш аға атаған Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы Қазақстанның түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Сондай жиынның бірі таяуда Отырар ауданының орталығындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылды. Осы жиынға қатысқандар арасында үлкен кемшілік жіберілгенін байқағандардың бірі редакциямызға хабарласты.
«НұрОтан» ХДП аудандық филиалы Д.Қонаевтың 100 жылдығына конференция өткізу туралы бастама көтергені өте дұрыс, – дейді «Азат» ЖСДП-ның осы аудандағы филиалын басқаратын Бақытжан Сапарбай (суретте). – Бірақ конференцияны ұйымдастырған партия төрағасының орынбасары Бақтыбек Жүніс тарапынан біршама кемшіліктер кетті. Кездесу Д.Қонаевқа арналған. Бірақ кіре берісте, болмаса сахнада ол кісінің бірде-бір суреті немесе сөзі жоқ. Барлық жерге Президенттің суреті мен сөздерін қыстырған. Кездесу Н.Назарбаевтың 100 жылдығына арналған секілді болып кетті. Сырттан келген адамның солай ойлап қалуы мүмкін екендігі Б.Жүністің де, жиынға қатысып отырған Мәжіліс депутаттығынан үміткер ретінде тіркелген нұротандықтардың да ойына келмеген. Өзіме сөз берілгенде мен бұл жөнінде айттым. «Неге Д.Қонаевтың бір суреті немесе сөзі жоқ?» – деп едім, отырғандар қол соға жөнелді».
Өткен аптаның сейсенбісінде Сайрам ауданының Оймауыт ауылына барғанымызда бір тосын жағдайдың куәсі болдық. 74 жастағы сол ауылдың тұрғыны Гүлдана Әлімжанова (суретте) өзінің қалай өзбек болып кеткенін білмей таңданып жүр екен. Сондықтан ол кісінің отбасына барып, жағдайдың қалай болғанын айтып беруді сұрадық.
«Ойбай-ау мен қазақтың қызымын ғой, әкем де, шешем де, күйеуім де қазақ, – дейді Гүлдана апа. – Қыз кезімде Көкішова едім, кейін күйеуімнің тегіне өтіп Әлімжанова болдым. Мына куәлікті алғанда Ақсудағы құжат толтырған қыздар «узбечка» деп жазып жіберіпті. Бұрынғы құжаттарымның барлығы қазақ болатын. Ойламаған жерден өзбек болғанымды кейін байқадық. Күйеуім отыз жылдай полицияда қызмет атқарып, 1988-жылы дүниеден қайтты. Қазір төрт жыл болды, төсекте жатып қалдым. Алатын зейнетақым тоғыз мың теңге ғана. Содан бері органнан немесе ауылдық әкімдіктен бір адам келіп жағдайымды сұраған емес. Қазір дамыған уақыт қой, тым болмаса басшылар дәрігерлердің біреуін жіберіп жағдайымды тексеріп тұрса дұрыс да болар еді.
Жұртты елеңдеткен сайлау да аяқталды. Халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы сайлау дұрыс өтті дегенімен кейбір партиялар заң талаптарының өрескел бұзылғандығын алға тартуда. Тіпті олар интернетте бір бойжеткеннің жәшікке сайлау бюллетеньдерін топтап салып жатқан көрінісін де жариялап жіберді. Оны көргендерде бұл қалай болды деген сұрақтың туындауы да мүмкін. Сондықтан біз сайлау қарсаңында өзіміз куә болған бірнеше көрініске тоқталғанды дұрыс көрдік.
Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында мемлекеттік тілге қатысты өрескел қателіктер болғанын облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Торғауытовтың өзі айтты. Осы ауданның №35 сайлау округінен облыстық мәслихат депутатының мандатына таласқан Руслан Омаров пен Бәйкен Әшірбаевтың арасындағы тартыстың дауы бүгінге дейін жалғасуда. Көп жерде Б.Әшірбаевтың суреті жыртылып, оның үстіне Р.Омаровтың суреті қыстырылғанынан бөлек, сайлаушыларды бес мың теңгеге сатып алу жағдайлары болған. Үміткерлердің біреуі маған дауыс бергендердің ауылына жаңа трансформатор орнатамын деп уәде берген. Ал бұл сайлау туралы заңға қайшы.
Осыдан төрт ай бұрын Шымкент қаласының Ескі қала аумағында қайғылы оқиға болғанынан жұрт құлағдар. Онда кәмелетке толмаған жиырма шақты бала екі топқа бөлініп төбелесіп, қала көшелерімен бірін-бірі қуалап атысқанын, сол кезде жазықсыз жүргіншіге оқ тиіп, ол қаза болғанын теледидардан көрсеткен. Бүгінде осы оқиғаға байланысты тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілген. Бірақ жәбірленуші жақ осы оқиға бойынша редакциямызға шағымданып келді.
«Менің жұбайым Гүлмира Боқашбаева 13 қыркүйекте кіші ұлымды емханаға апару үшін үйден шығып кеткен болатын, – дейді Түймебай Байқожаев (суретте). – Көп уақыт өтпей оны біреулердің атып кеткенін естіп, төбеме жай түскендей болды. Оқиға орнына жүгіріп жетсем, Гүлмира басынан қан ағып жатыр. Қасында төрт жасар ұлым шырылдап жылап отыр. Ол содан кейін қорыққанынан көпке дейін сөйлей алмай қалды. Оқиға болған жерге полиция келді, тексерді. Кейін қылмыскерлерді ұстады. Тергеуші Б.Исақов пен Қ.Дүмшебаев Қылмыстық кодекстің 96-бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғаймыз деген. Өкінішке орай, іс сотқа өткенде ол баптар өзгертіліп кетті.
Редакциямызға Мақтаарал ауданындағы Қазыбек би ауыл әкімшілігіне қарасты Жамбыл елді мекенінің 4-ші бөлімшесінен хат келді. Авторы Әлеукеш Оңалбекова өзінің бұл хатын «Заманада» қаз-қалпында жариялауымызды өтініпті. Ол кісі былай дейді:
«Менің қолыма қалам алып, сіздерге хат жазуыма әділетсіздік пен шындықтың жоғы себепкер болып отыр. Өзім жасым 40-тан асқан адаммын. Ал мұндай жастағы адамға қазір жұмыс табу қиын. Бірақ қиын деп қарап отыра алмайсың, бала-шағаны асырау керек.
Мамандығым – есепші, (1С бухгалтер). Жұмыс іздеп бармаған жерім жоқ. Таяуда жаурап-жасынап жүріп Жетісайға барғанмын. Жұмыс іздеп ондағы «Оңтүстік-жарық» мекемесіне бас сұқтым. Сәтбай Махамбетов деген бастықтың (инженер) қабылдауына кірдім. Ол: «Жұмыс бар, үш күн стажер болыңыз, сосын көрерміз», – деді. Содан іске кірісіп, үш күн бойы түбіртектер таратып, ақша жинаумен болдым. Ауылымыздың көшелері үнемі батпақ болып жатады, аяғыма су өтіп әбден әбіржідім. Ал менің осы еңбегім еленбеді.
Жаңа жыл қарсаңында Сайрам ауданының Құтарыс ауылында жантүршігерлік оқиға орын алған еді. Белгісіз біреулер ауыл шетінде орналасқан үй иелері – ерлі-зайыпты екі кісіні азаптап өлтіріп кеткен. Содан бері ауылда полиция қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізуде. Күдікті деген адамдардың саусақ іздері алынған. Өкінішке орай, қылмыскерлер әлі қолға түскен жоқ. Бұған қатысты ауылда әртүрлі сөз бар. Ал қылмысты іздестіру тобының мүшелері бұл оқиғаға байланысты жоғарыдағы басшылары ғана мәлімет бере алатынын айтады. Содан соң біз Құркелес ауылдық округінің әкімі Ұлданай Тәжітаеваға хабарласып, оқиғаның қалай болғанын сұрадық.
«Марқұмдар балалары жоқ, қариялар еді, – дейді ауылдық округ әкімі. – Екеуі де зейнетақы алады. Соны ішпей-жемей, киім кимей жинаған. Ауыл ортасынан үй алмақшы да болып жүрген. Сол ақшаларын қараша айында белгісіз адамдар тартып алып кетіпті. Бұл жөнінде тергеу амалдары жүргізіліп жатқан. Қария маған келіп: «Түнде біреулер қойымыз жоқ, соған сіздің қораңызды көрсек бола ма деген соң есікті ашқанда бетперде киген төрт жігіт басып кірді, «Миллион теңгені қайда тығып қойдың дейді. Қорыққанымнан менде ондай ақша жоқ, жинап жүргенім мынау деп алты жүз мың теңгені бердім», – деген болатын. Бірақ әйелі сөйлеп қалған кісі еді. Ол бізді кім тонағанын білемін деп көшеде айтып жүретін. Сондықтан қарияларды тонағандар мен өлтіргендер бір қылмыстық топтың мүшелері болуы мүмкін деген жорамал бар».
Елімізде діни сенімі мен нанымы әр түрлі адамдар пайда бола бастаған соң, оларға деген көзқарас та өзгере бастады. Адамдар көшеде сақалы ұзын, шалбарының балағы қысқаларды көрсе сескене де сезіктене қарайтын жағдайға жетті. Бұл әсіресе полицияға тиімді болған секілді. Олар күдікті адам былай тұрсын, сақалдыларды көрсе жөн-жосықсыз тексере бастайтын болды. Әрине, азаматтардың қауіпсіздігі үшін бұл да дұрыс шығар. Дей тұрғанмен форма кигендердің де кейде шектен шығып кететіндері болады екен. Бізге бұл жөнінде Сайрам ауданының тұрғыны Әбдірашит Әбдулхамитов (суретте) былай дейді:
«Мен жұмыс бабымен Шымкентке аптасына ек-үш рет барып тұрамын. Сонда түсініксіз жағдайды жиі басымнан өткеремін. Көбіне жас полиция қызметкерлері шақырып, неге сақал қойып жүргенімді сұрап, құжатымды тексереді. Барлық уақыт куәлікті қалтаға салып жүре бермеймін ғой, сондай кезде артықтау кеткендері де болды. Бірақ әзірге өздері айтқан «опорныйларына» қамап немесе сұрақ-жауап алған емес. Кім екенімді, не жұмыспен жүргенімді білгеннен кейін жібереді. Кетер кезде: «Көке тексеру қызметіміз ғой. Бірақ біздің де бала-шағамыз бар, сондықтан бес жүз теңге тастап кетіңіз», – дейді. Олардың бұл әрекеті заңға қайшы екенін білгендіктен ештеңе берген емеспін. Осындай әңгімелерді той-жиын, құдайыға барғанда да естіп жүрміз.
Ой мен сөзді саудаға салудың, газетті бизнес көзіне айналдырудың қазір еш әбестігі жоқ. Ал Абай Балажан өмірдің осындай заңдылығына әлі көндіге алмай жүрген, газетке тауар деп емес, рухани азық деп қарайтын журналист. Өз сөзімен айтсақ, «жетпіс мың оқырманның миын улағаннан жеті қазаққа ой салғанды» құп көреді. Оның бұл ұстанымы өзі шығарып жатқан «Орда.kz» газетінен көрініп-ақ тұрады. Ақпарат саласындағы жұмысын осыдан отыз жылдай бұрын газеттің ең қара жұмысы саналатын корректорлықтан бастаған Абай Балажан бүгінде ердің жасы елуге де келіп қалыпты. Елу – ердің жасы. Елу жастың биігінен бір сәт қарағанда Абай Балажан мына өмірде не бітірді, неге үлгере алмады? Әріптеспен сұхбат осындай сауалдан басталды.
– Ешнәрсеге де үлгере алған жоқпын. Үлгеру былай тұрсын, ештеңе біліп те үлгермеппін. 30-35 жасқа дейін өмірдің қалай өткені білінбейді екен де, одан асқан соң уақыт зуылдап, зырылдап, өте тез өтеді екен. Осыған көзім жетті. Мен қоғам не мемлекет қайраткері, әдебиет не мәдениетте, өнерде үлкен із қалдырған тұлға емеспін. Бар болғаны – қарапайым журналистпін. Замандастарым не істеді, мен де соны істедім. Артық та, кем де істеген жоқпын.
Осыдан бір ай бұрын Жаңаөзен қаласында шерушілерге қарсы полиция қызметкерлерінің оқ атқаны белгілі. Соның салдарынан талай шаңырақ қара жамылды, жүзден аса адам жарақат алды.
Осы оқиға қоғамда әртүрлі талқыланып жатыр. Ал шетелде жүрген белгілі жазушы Мұхтар Мағауин бейбіт күнде халыққа қарсы оқ атылғанын сынай келе былай дейді: «Осы биыл ғана Лондонда қандай бүлік болды. Наразылық танытқан ондаған мың жас жігіттер мен қыздар көшеге шықты. Ызадан өздерін ұстай алмай, қаншама ғимаратты өртеді, қаншама машинаны жақты, полициямен кәдімгідей қақтығысты. Әрине, шектен шығып кетті. Бірақ осы екі-үш күнге созылған, Лондоннан асып, басқа да үлкен қалаларға жайылған бүлікке өкімет күштері тарапынан бір де оқ атылған жоқ. Қуды, таратты, қаншасын тұтқынға алды, ақыры біразын кәдімгідей соттады».
Соңғы кезде мәслихат депутатының мандаты үшін кейбір партия мүшелері партия қатарынан шығып жатыр. Мұндай жағдай әсіресе «НұрОтан» ХДП мүшелерінің қатарынан көптеп байқалуда. Кейбіреулері партиядан шыққысы келмесе де оларды сыртынан шығарып жіберген жағдайлар кездесуде. Оған себеп сайлауға бір округтен партияның қос мүшесі түспеуі керектігінен болса керек. Ал ешқандай жалақысы жоқ аудандық мәслихаттың мандатына бола партиядан шығудың сыры неде? Біз осы тақырыпқа тереңірек үңіліп көргенді дұрыс санадық.
Сайрам ауданындағы №15 Қызылқышлақ сайлау округі бойынша халық сеніміне ие болу үшін екі үміткер құжат тапсырыпты. Оның бірі «НұрОтан» ХДП Көлкент ауылдық округі бойынша төрағасы Мамуржан Шадиев, екіншісі өткен шақырылымда мәслихатта осы партияның фракциясын басқарған Рысдәулет Құрбанов. Бұл азаматтар бір жерден сайлауға түскендіктен партияның аудандық филиалы екіншісін өз қатарларынан шығарып жіберіпті. Бірақ Р.Құрбановтың бұдан хабары жоқ.
(Көшірмесі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовке).
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Парламент сайлауының қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара ауданының әкімі М.Марайымның Президент командасына, саяси мемлекеттік қызметке лайықсыз әкімдік билігін шектен тыс асыра пайдаланған іс-әрекеттерін Сіздің назарыңызға саламын және жедел шаралар көру керек деп есептеймін.
Қазығұрт ауданының Шарапхана ауыл округіне қарасты Майлыошақ елді мекеніндегі «Парасат» көшесінің №5 үйінде 75 жасқа толған тыл және еңбек ардагері Рақымбай Молдабеков деген ақсақал тұрады. Жылда Рақаң аудандық пошта байланыс торабының Шарапхана бөлімшесі арқылы 13-15 мыңнан аса теңгеге басылымдарға жазылатын көрінеді.
Бірақ... Міне, 40 күннен асып барады екен, оның қолына бір де бір газет тимепті. Мәселенің мән-жайына назар аударсақ, өткен жылдың желтоқсан айына дейін Майлыошақта пошташы болып Әлімхан Досқұлов қызмет жасап келіпті. Алайда штат қысқаруына байланысты ол кісі жұмыстан босап қалыпты. Содан Майлыошақ пошташысы да, газеті де жоқ ауыл болып шыға келіпті.
Елімізде медицина саласы жыл өткен сайын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дәрігерлер біліктілігін арттыруда дегенімізбен бұл салада олқылықтар азаймай отыр. Әлі күнге дейін әсіресе ана мен бала арасында өлім-жітім баршылық. Ақ халатты абзал жандар адам өмірін сақтап қалуға дәрменсіз. Неге?
Бұл сауалға Сайрам ауданындағы «Бадам – 1» елді мекенінің тұрғыны Алтын Тағабаева (суретте) да жауап таппай дал. Өйткені көпбалалы ана жақында бір әулеттің қадірлі келініне айналған қызынан қапыда көз жазып қалды. Көзінің ағы мен қарасы саналатын Гауһары ойда-жоқта жабысқан кеселден бе, әлде басқадан ба, әйтеуір ауруханада көз жұмған.
Бүгінгі күні бүкіл Қазақстанды елеңдетіп отырған алабөтен оқиғаның бірі есімі елімізге ғана емес, тысқары жерлерге де танымал уағызшы Сары әулие (Марат қажы Есенбаев) мен оның туған қызы Бақыткүл Есенбаеваның арасындағы баспанаға қатысты дау болып отыр. Соңғы төрт айдың жүзінде Шымкенттің Абай аудандық соты қарап жатқан аталмыш үй дауы жайлы республикалық телеарналардан сан мәрте көрсетіліп, «Замана» газетінің бірнеше сандарында бүге-шігесіне дейін жазылды. Нақтырақ айтар болсақ, қалың бұқара істің мән-жайынан хабардар. Тек жұртшылық сандаған жылдар халықты имандылыққа шақырып, руханият бастауынан сусындатып жүрген Сары әулиенің республикалық интернет–газеттерге «Мен туған қызым Бақыткүлден Алланың алдында бас тартамын» және «Я отрекаюсь от своей дочери» атты қазақ, орыс тілдерінде жазған ашық мәлімдемесінің байыбына бара алмауда. Оны Сары әулиенің жазған ашық хатын оқып, пікір қалдырған ағайындардың әрбір сөздерінен айқын аңғаруға болады. Ал шындығында мәселенің түп-тамырына үңілер болсақ, әке мен қыздың арасына сына болып тұрған тіптен де аядай баспана емес. Оны Марат қажының ашық хатындағы әрбір жолдардан аңғаруға болатындай. Сондықтан да оған тағы да тоқталып жатпай-ақ осы сауалға жауап іздеген ағайын үшін уағызшы мен оның қызы Бақыткүлдің лебіздеріне назар аударсақ.
Міне, қолдарыңызға «Замананың» 2012-ші, Ұлу жылында жарық көрген алғашқы нөмірі де тиіп отыр. Біз, біріншіден, Сіздерді барша жаңарудың бастауы – Жаңа жылдың келуімен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жыл әрқайсыларыңыздың отбасыларыңызға жақсылықтарын молынан ала келсін, алға қойған ізгі мақсаттарыңыздың орындала беруіне жол ашсын.
Біз сонымен қатар «Заманаға» биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына жазылған тұрақты оқырмандарымызға деген ризашылығымызды білдіреміз.
Өткен жазылым науқанының жылдағыдан «ерекше» болғанын біз білеміз. Яғни ол қолында билігі бар кейбіреулердің оқырман құқын ашықтан-ашық белден басуымен ерекшеленді. Бізге бұл жөнінде дабыл көтеріп, хабарлағандар көп. Осындай хабарлар негізінде ел ішіне шыққан «Замананың» қызметкерлері шынында да өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгеніне көз жеткізіп қайтты. Бұл туралы өткен жыл соңында газетімізде бірнеше мақала жарияланғанын білесіздер.
Жалпы, біз 2012-жылдың бірінші жартыжылдығына жазылым барысында облысымыздың бірқатар аудан, ауылдарында оқырмандарымыздың қатары біршама кемігенін білдік. Бұл тектен-тек болмаса керек. Осы уақытқа дейін тұрақты түрде жазылып келген газетінен кім бірден бас тартады? Жүздеген оқырмандарымыздың бұл жолы «Заманаға» жазыла алмай қалуының себебі неде? Оның сырын біз әлі-ақ анықтармыз.
Осыған орай сіздерге айтарымыз, егер «Заманаға» жазылған болсаңыз, бірақ үйіңізге оның орнына басқа газет апарылып жатса, онда бұл жөнінде шұғыл түрде бізге хабарлауларыңызды сұраймыз. Біздің өтінішіміз бойынша мұндай құйтырқы әрекеттерді анықтаумен бүгінде құқық қорғау органдары айналысып жатыр.
Жоғарыда айтылғандай кедергілерге қарамай «Заманаға» деген адалдығын танытып, оған кезекті мәрте жазылған, сонымен қатар газетімізді бөлшек саудадан тұрақты түрде алып оқитын азаматтарға, жалпы, «Замананың» ел ішіндегі барша оқырмандарына өзіміздің ризашылығымызды білдіреміз. Сіздерге әрқашан да амандық-саулық тілейміз. Әрдайым жүздеріңіз жарқын, істеріңіз абыройлы бола берсін.
Осыдан біраз жыл бұрын, яғни жаңа ғасырдың басында газетіміздің жанашырлары, тұрақты оқырмандары дүниеге келген перзенттеріне Замана деп ат қойған болатын. Редакция ұжымы өз кезегінде өкіл қыздарына сый-сияпат жасап, жыл сайын туған күндерімен құттықтап тұруды дәстүрге айналдырған.
Солардың бірі – Замана Бәкентай есімді қызымыз биылғы 1-қаңтар күні 12 жасқа толды. Жаңа ғасыр табалдырығын аттаған 2000-шы жылдың алғашқы минуттарында дүниеге келген Замананы редакция ұжымы да туған күнімен құттықтады.
Замана қыз 2000 жылы Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Бүгінде аталмыш ауылдағы жалпы орта мектептің 6-сыныбында оқиды. Сабақ үлгерімі де жақсы. Өзінің айтуына қарағанда, ол бейнелеу өнері мен әдеби кітаптарды оқығанды ұнатады екен.
«Қызымыз дүниеге келген күні біз анасы Сәуле екеуміз көп ойланып жатпай, өзіміз сүйіп оқитын газетіміздің құрметіне қызымыздың атын Замана деп қойдық, – дейді Замана қыздың әкесі Бақыт. – Қызым есін білгелі оған бұл есімнің не үшін қойылғанын түсіндіріп айтып отырамыз. Соның әсері болар, кенже ұлымыз туылғанда осы қызым ол інісінің атын Заманбек деп қояйық деді. Біз қызымыздың өтінішін орындадық».
Қазақтың айтулы ұлдарының бірі, әйгілі боксшы Нұржан Смановтың отбасында – үлкен мерейтой. Оның анасы Саламат апа Базарбайқызы 70 жасқа толып отыр.
Мен Смановтар отбасының келінімін, Нұржанның жұбайымын. Осыған дейін апам мен атам жайлы талай мақалалар журналистердің атынан жарық көріп келген. Осы жолы апамның мерейтойы құрметіне ол жайлы өзім жазуды ұйғардым. Өйткені апамның нағыз қазақ аналарына тән қасиеттерін көріп, ізгілікке толы тәрбиесін алып келемін.
Апам, Құдайға шүкір, отбасымыздың ақылшысы, немерелерінің сүйікті әжесі. Оның әр сөзінен жылылық пен кісіге деген адалдық, қарапайымдылық, ізет-құрмет сезіліп тұрады. Апам үлкен-кішіге де, құда-жекжаттарға да, келген қадірлі мейманға да бірдей. Ізет-құрметінің біреуге артық, біреуге кем екенін ешқашан көрген емеспіз.
Жаңа, 2012-ші Ұлу жылы да босағамыздан аттады. Дегенмен бұл жыл алдыңғы жылдарға қарағанда анағұрлым өзгеше. Неге десеңіз, 2012-ші жыл жөнінде ел ішінде бір-бірінен аумайтын, алыпқашты әңгімелер көп. Біреулер: «Нострадамус былай депті», – десе, екіншісі: «Бұл жылы мынадай сұмдық оқиғалар болады екен», – деп қай-қайдағыны айтып, естіген адамның қарадай зәресін ұшырады. Егер оның бәрін ести берсе кез-келген адамның өмірден баз кешіп, түңіліп кетуі әбден мүмкін. Сонда бұл әңгімелер өзі қайдан шыққан?
«Бәлені бастаған – қара тана» демекші, мұның барлығы ежелгі Майя тайпасы жасаған жұмбақ күнтізбеге байланысты. Ол шеңберді бойлай айналатын күнтізбеге жатады. Күнтізбеде басталумен бірге аяқталу да бар. Яғни бір айналым аяқталған соң келесісі басталады. Күнтізбенің бір айналымы 1.872.000 күнге немесе 5125 жылға тең. Күнтізбе біздің жыл санауымыздан бұрынғы 3114-ші жылдың 11-ші тамызында басталса, 2012 жылдың 21-ші желтоқсанында аяқталуы тиіс.
Егер шындығына келсек, бұл күннің өзгелерден еш айырмашылығы жоқ. 21-ші желтоқсан тек кезекті айналымның басталғанын ғана білдіреді. Ал осыны дабыра еткен жағына жылан жұмыртқалағырлардың айтуынша, бұл күні жер «Нибиру» атты ғаламшармен соқтығысатын көрінеді. Соның салдарынан әлемде бұрын-соңды болмаған жағдай орын алып, тіршілік атаулы тып-типыл жоғалады-мыс. Ақырзаман туралы ел-жұрттың дүрлігіп жүргені нақ осы күнге байланысты.
Әрбір жаңа жыл басталғанда ол жылы алда не болатыны жайлы түрлі жорамалдар, болжамдар көптеп жарияланатыны белгілі. Әсіресе биылғы жыл соңында ақырзаман болады екен деп жиі айтылып жүр. Құдай жамандығынан сақтасын, анығын бір Алла білер... Ал адамдар арасында өзі өмір сүріп отырған ортадан «озып», келер жылдарды, тіпті бірнеше ғасырларды болжайтындар ежелгі замандардан бері болып келген.
Осындай көріпкелдердің болжамдары «Замана» баспасынан жарық көрген «Болашақта Сіз бен бізді не күтіп тұр? Бұл жөнінде бұрынғы-соңғы көріпкелдер не дейді?» деген кітапта жан-жақты қамтылған. Мысалы, онда ерте заманда ғұмыр кешкен Майқы би бабамыздың болжамы туралы мынадай жайлар айтылады:
Оңтүстік өңірінде өмір сүрген жұлдызшы әрі шипагер Бекасыл әулие ел арасында көріпкел, сәуегейлігімен де белгілі болған. Кезінде газетімізде оның жазбалары негізінде жарық көрген «Жұлдызнама» кітабынан үзінділер бергеніміз естеріңізде болар. Бекасыл әулие осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын әрбір жылдың табиғатқа, адам мен қоғам өміріне әкелетін өзгерістері жөнінде де болжамдар жасаған екен. Біз бүгін оның Балық, яғни Ұлу жылына байланысты жасаған болжамдарын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сонымен, Бекасыл әулие былай дейді:
Құдайқаласа, Ұлу жылынан бастап елімізде көптеген салаларда бірқатар өзгерістер жасалмақшы. Өз кезегінде олардың қарапайым халыққа пайдасы көп болады деген үміт басым.
* Мысалы, бұдан былай жеке кәсіпкерлердің салық есебі қысқарады. Егер жеке кәсіпкерлер бұған дейін тоқсан сайын есеп-қисабын өткізіп келсе, енді ол жылына екі ретке дейін қысқартылды. Сондай-ақ шаштараз, етікші және көлік жуу секілді қызмет түрлері бухгалтерлік есеп жүргізуден түбегейлі босатылмақшы. Енді мұндай ұсақ кәсіпкерлік үшін арнайы есепші ұстаудың қажеті жоқ.
* Тағы бір жаңалық – келесі жылдың ортасынан бастап бұрынғы әлеуметтік жеке код (ӘЖК) пен салық төлеушінің тіркеу куәлігін (СТТН) енді идентификациялық нөмірлер алмастыратын болады. Бұл шара құжаттар санын қысқартуға байланысты туындаған. Сондай-ақ бұл жылдан бастап үй кітапшасымен қош айтысамыз. Енді мекен-жай туралы анықтаманы қажет еткен адам оны электронды үкіметтің интернет порталынан немесе Халыққа қызмет ету орталығынан ала алады.
Жұрт арасында адамдардың мінез-құлқы оның туған жылына байланысты болады деген ұғым бар. Ендеше, Ұлу жылы туылғандардың өздерін сөзге тартып көрелік.
Естебек Шардарбеков, әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары, 1964-жылы дүниеге келген: – Мінезім жұмсақ, ешкімнің көңілін қалдырғым келмейді. Қарамағымдағы қызметкерлерге барынша көмектесіп, білмегенін үйреткенді азаматтық борышым деп санаймын. Бірақ жұмыс барысында талап қоямыз, онсыз болмайды. Жалпы, Ұлу жылы туылғандар ерте үйленеді дегенге мен де қосыламын. Өзім 24 жасымда отау құрдым, қазір бір ұл, төрт қыз, екі немерем бар. Қасымдағылардан әзілқойсың деген сөзді жиі естимін. Реті келгенде би билеп, ән айтқанды ұнатамын.
Наурызжан Сайлау, «Күзет» агенттігінің қызметкері, 1976-жылы дүниеге келген: – Осы кезге дейін бойымнан ешқандай ерекше құбылыс байқамаппын. Мінезім жайдары. Ешкімге өкпелемеймін. Қасымдағылар: «Саған бәрібір, не болса да күліп жүре бересің», – дейді. Мұндай мінез менің құрдастарымның барлығына тән қасиет. Соған қарағанда Ұлу жылы туылғандардың мінездері өте ұқсас болса керек деп ойлаймын. Менің достарымның көпшілігі ерте үйленді. Тіпті 36 жасында немере сүйіп отырған сыныптасымыз да бар. Ал өмір қиындықсыз болмайды дей тұрсақта өз басым қатты қиналған жан емеспін.
Жаңа, 2012 жылға санаулы күндер қалғанда есімі ел-жұртқа етене таныс Нұржан Өркешбаев Алматыдан Атырауға аттанды. Осының алдында 20 жастағы жас жігітке Алматыдағы «Ниссамед» клиникасында пластикалық ота жасалғанынан жұрт хабардар. 27-ші желтоқсанда оның бұрынғыдан әлдеқайда өзгерген түрі ақпарат құралдары арқылы елге көрсетілді. Алғашқы сұхбатта ақпарат құралдары мен өзіне қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдірген Нұржан: «Тезірек ауылға қайтқым келеді. Ауылды сағындым», – деген еді. Ал ертеңіне әкесі Жаңбырбай екеуі Атырауға ұшып кетті.
Біз Нұржан бауырымыздың қуанышына ортақтасып, оның өзімен қалта телефоны арқылы хабарластық. Ол: «Ота ойдағыдай өтті. Ешқандай ауырсыну болған жоқ. Енді елге қайту үшін жолға жиналудамын», – деген соң ары қарай мазалауды жөн санамадық.
Ел ішінде бойына ерекше қасиет қонған адамдар көп. Жаңа жылдың қарсаңында біз Шымкенттің «Ордабасы» алаңында сондай бір ерекше жанмен жолығып, сұхбаттас болдық. Есімі – Ардақ Әшімова, Шымкент қаласының тұрғыны.
Ардақ бізге өзіне ғайыптан бір айрықша хабарлар берілетінін айтты. Оның бізге әсіресе «Ордабасы» алаңы тұсындағы түрлі құрылыстар жөнінде айтқандары қызық көрінді.
«Алаң ортасындағы Ана ескерткіші көп мәнге ие, – дейді ол. – Ана – мейірім, жұмсақтық, жасампаздық белгісі. Өзгерістің бәрі ғарыштан жерге беріледі, сондықтан қала ортасындағы бұл ескерткіш осындай ізгі қасиеттерді шоғырландырады. «Тәуелсіздік» саябағындағы биік жеті ұстынның да әрқайсысының өзіндік қасиеттері бар. Біріншісі – Махаббат, екіншісі – Жүрек, үшіншісі – Ақиқат, одан кейін Бірігу, Ой, Тазалық және Ниет тұр. Осының бәрі адам баласына ізгі қасиеттер сіңіреді. Бұл жердегі Қошқарата өзені, жол үстінен салынған көпір, саябақтағы «ДНК» формуласы түріндегі жарық шамдар, барлығы да бейбітшілік пен өсіп-өркендеуді негіздейді. Бүліншілікті, соғысты сездіретін белгі жоқ. (Мысалы, ол жердегі әскери ұшақ ескерткіші басқа жерге көшірілді). Тәуке хан даңғылындағы «Қызғалдақ» субұрқағына байланысты да айтарым осындай.
Еліміздегі Парламент Мәжілісі сайлауының басталуына да санаулы күндер қалды. Бүгінде депутаттыққа саяси партиялар атынан ұсынылған үміткерлер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған орай Мәжіліс депутаттығына «Руханият» партиясы атынан ұсынылған ақын Мұхтар Шахановпен сұхбаттасқан едік.
– Мұхтар аға, сіздердің «Руханият» партиясымен бірлесулеріңізге не себеп болды? Партия бағдарламасы ішіндегі ең негізгі мәселенің біріне тоқтала кетсеңіз.
– Біз осыдан төрт жарым жыл бұрын «Халық рухы» атты партия құрдық. Партияға енген 60 мыңнан астам адамның құжаттарын жоғарыға жібердік. Содан бері 30 ретке жуық хабарластық, хат жаздық. Бірақ билік оны әлі қарап жатқан сияқты. Демократияға деген көзқарас осылай болғандықтан жуырда біз «Руханият» партиясымен бірлесіп, Құрылтай өткіздік. Сөйтіп, «Халық рухы» мүшелері түгелдей «Руханият» партиясына енді. Құрылтай мені осы партияның «Қоғамдық көшбасшысы және рухани лидері» етіп сайлады. Енді сайлауға дайындық басталып та кетті. «Руханият» партиясы өзінің бағдарламасын жариялады. Осы бағдарламада көтерілген бір проблема төңірегінде мен қалың жұртты ойға тартатын бір өлең жаздым. Ендеше сол өлеңнің үтірін де өзгертпей назарларыңызға ұсынайын:
Соңғы он жылда елімізде өрге басқан өрелі
Бір зор іс бар. Ол – «ТЖ»-лық, «туфли жалау» өнері.
Егер Сіз айрықша ақпараттардан хабардар болсаңыз, таңғажайып оқиғаның ортасынан табылсаңыз, тосын көріністерге куә болсаңыз, онда шұғыл түрде бізбен байланысқа шығыңыз.
Өзіңіз көзбен көрген оқиғаның мән-жайын тез арада жазып, суретімен қоса бізге жолдар болсаңыз тіпті жақсы.
Ең бастысы, нақтылық, жеделдік, шындық қажет.
Бұл орайда жағымды жаңалықтар да, келеңсіз көріністер де тақырып арқауына айнала алады.
Мұндай хабарларды Қазақстанның кез-келген түкпірінен жолдауыңызға болады.
Назар аударыңыз: Газетке пайдалануға жарайтын айрықша ақпараттар үшін бір мың теңге мен он мың теңге аралығында қаламақы төленеді.
Ал тұрақты түрде атсалысушы азаматтарға қосымша сыйлықтар, арнайы жолдамалар тағайындалады. Сондай-ақ таяу келешекте жасына, мамандығына қарамай-ақ кесімді жалақы төленіп тұратын жұмыс ұсынылуы мүмкін.
Қысқасы, «Замана» өзінің барлық оқырманымен сенімді серіктес әрі әріптес болуға қашан да дайын! «Заманаға» автор болуға асығыңыздар!
Біздің электрондық почтамыз: zamana_shmk@maіl.ru.
Жұлдызнама
(23.01 - 28.01)
Тоқты (21.03-30.04)
Жұмысыңыз біршама көбеюі мүмкін. Өзгелермен түсінісе, тіл табыса қимылдауға мән беріңіз.
Торпақ (21.04-21.05)
Сіздің әрекеттеріңізге көп нәрсе байланысты. Әсіресе отбасылық мәселелерде мұқият болғайсыз.
Егіздер (22.05-21.06)
Жақын адамыңызбен тізе қоса қимылдағаныңыз дұрыс. Оның пайдасын молынан көреріңіз анық.
Шаян (22.06-23.07)
Апта күндері сізден жинақылықты талап етеді. Негізгі шаруаларды бір жүйелеп алғаныңыз абзал.
Арыстан (24.07-23.08)
Жолыңыз ашық, көңіліңіз көтеріңкі болады. Сізден біреу жәрдем сұрауы мүмкін, демеп жібергеніңіз жөн.
Бикеш (24.08-23.09)
Қай шаруаға да ойланбай қойып кетуден сақтаныңыз. Бұл аптада осыны ұмытпағаныңыз дұрыс.
Таразы (24.09-23.10)
Басты жұмысты бір жүйелеп қоюға тырысыңыз. Денсаулық мәселесін де назарда ұстағайсыз.
Сарышаян (24.10-22.11)
Сізге аптаның ортасындағы күндер жайлы тимек. Маңызды істерге бел шеше кіріссеңіз болады.
Мерген (23.11-21.12)
Сөзіңіз бен ісіңіздің бір жерден шығуын назардан тыс қалдырмаңыз. Сізге көз тігушілер бар.
Тауешкі (22.12-20.01)
Ойда жүрген шаруаға осы аптада кіріскеніңіз дұрыс. Сізге досыңыздың жәрдемі тигелі тұр.
Суқұйғыш (21.01-19.02)
Белсендірек болуыңыз қажет. Бұл – мүмкіндіктер аптасы, қолайлы сәттерді қалт жіберіп алмаңыз.
Балық (20.02-20.03)
Ішкі түйсігіңізге сеніп әрекет етсеңіз, адаспайсыз. Қомақты олжаға қол жеткізуіңіз мүмкін.
Біздің газеттер
Құлағыңыз түрік жүрсін
«Ауырмаңыз!» газетінде не жазылған?
*Аязды күндері кейбір адамдарды терісі қышып, әбіржітетіні, ісініп, онда бөртпелер пайда болатыны бар. Медицина тілінде бұл «суыққа аллергия» деп аталады. Суыққа аллергия көбіне бұрын жұқпалы аурулармен ауырған адамдарда 25-30 жастан кейін пайда болады екен. Мұндай аллергиядан қалай арылуға болады? Аяздан болатын аллергияға шалдықпас үшін не істеу керек?
* Қыстыгүні жас балаларды жиі мазалайтын баспаны (ангина) болдырмайтын тәсіл бар. Ол қандай тәсіл?
* Көздің көру қабілетін жақсартып, бұлдырағанын халықтық тәсілдермен де емдеуге болады екен. Ол үшін аса көп шығындалудың керегі жоқ. Тек...
* Көп адам моншаға түсуді тек кірден тазару деп қабылдайды. Сөйтіп, аптасына бір, ары кетсе екі рет моншаға түседі. Бірақ ыстық бу мен жылы судың қадірін білгенмен, пайдасын білмеген күйі моншадан шомылып қана шығады. Егер олар тиісті ережені біліп, оны орындайтын болса, монша арқылы ағзаны артық қалдықтан тазартқан болар еді. Ағзаға саулық сыйлайтын ол қандай ереже екенін білгіңіз келе ме?
* Омыртқааралық жарық (грыжа) – оңай дерт емес. Буын-буынды қақсатып, отырып-тұруды қиындататын бұл дерттің жазылуы да қиын. Дегенмен Шымкентте ине салу арқылы өзіне ғана белгілі массаж түрімен осы аурудан он күн ішінде айықтыратын дәрігер бар. Оның еміне жұрт дән риза. Себебі сүйегі сырқырап келгендер санаулы күнде үйлеріне қуана қайтады. Ол дәрігерді қайдан табуға болады?
* Ауырып қалған кей адамдарға дәрігерлер, кейде үлкендер де «қанды тазарту керек» деп жатады. Қан тазартудың денсаулыққа әсері қандай? Оны қалай тазарту керек?
...Бұл сұрақтардың жауабын «Замананың» қосымшасы – «Ауырмаңыз!» газетінің жаңа нөмірінен табасыздар.
Құлағыңыз түрік жүрсін!
«Қызық газет» жаңаша сипатта шыға бастады
«Замана» газетінің қосымшасы – «Қызық газеттің» жаңажылдық жаңа нөмірі жаңаша сипатта жарық көріп отыр. «Қызық газетте» бұдан былайғы жерде бүгінгі өмір шындығын суреттейтін қысқа-қысқа әңгімелер беріліп тұрмақ. Басылымның биылғы жаңа нөмірінде нақ осындай бағыт ұстандық. Атап айтқанда, Сіздер «Қызық газеттен» бұл жолы өте қызықты тақырыптар төңірегінде жазылған үш бірдей әңгімені оқи аласыздар. Олардың бәрі де өмірде болған оқиғалар, бүгінгі күннің шындығын арқау еткен шығармалар. Сондықтан біздің бұл ізденісіміз де қалың көпшіліктің көңілінен шығады деген үміттеміз. Сіздер «Қызық газетті» барлық жердегі газет дүңгіршектерінен сұрауларыңызға болады. Сондай-ақ «Қызық газетке» жазылып үлгермеген болсаңыз, әлі де кеш емес. Оған жыл бойы жазыла беруге болады. Егер осы айда жазылсаңыз, келесі айдан бастап газет қолыңызға тиеді. «Қызық газетке» жазылу бағасы жарты жылға – 500 теңге шамасында ғана. «Қызық газеттің» жазылу индексі – 65418. «Қызық газетті» Ұлу жылында да өзіңізге серік етіңіз.
Құлағыңыз түрік жүрсін!
* Новая, уютная
* Тихий центр
* Все условия
* Умеренная цена
Наш адрес:
г. Шымкент,
ул. Акпан батыра, 23.
(уг. улицы Майлыкожа.).
Тел.: 8(725-2) 53-26-79.
Моб.: 8-775-92-47-999.
Будьте нашим гостем!
"Керек кеңестер"
«Керек кеңестерден» кеңес алыңыз
Өмірдің әр саласында әркімнің өз көрген-білгені, көңілге түйгені бар. Осы тұрғыда ол туыстарына ғана емес, қажет еткен басқа жандарға да пайдалы ақыл-кеңестерін беріп отырады. Ал мұндай сауапты іске газеттер атсалысса, оның көпшілікке берері тіпті де еселене түспек. Бұл бағытта «Замананың» қосымшасы – «Керек кеңестер» газетінің атқарып жатқан істері жетерлік.
«Керек кеңестер» газетінің биылғы 1-ші нөмірі жарыққа шықты. Онда тұрмыс-тіршіліктің сан саласын қамтитын түрлі кеңестер молынан жарияланған. Оқыңыз, керегіңізге жаратыңыз!
SMS
"Замана" арқылы сәлемдеме жолдай аласыз
Құрметті оқырман!
Сіз бұдан былайғы жерде «Замана» газетінің редакциясына, сондай-ақ біздің газеттің барлық жердегі оқырмандары үшін өз атыңыздан шұғыл түрде, тікелей телефон арқылы
SMS – хабарлама
жолдай аласыз. Атап айтқанда, Сіз біздің арнайы ұялы байланыс телефондарымызға хабарласа отырып, мынадай мәселелер бойынша жеке басыңыздың сәлемдемесін жеткізуіңізге болады:
– сүйінші сұрау; алғыс айту; жоқ іздеу; ескертпе жолдау; қуаныш бөлісу; өмірлік жар іздеу; басқа да құлақтандырулар.
Сіздердің SMS – хабарламаларыңыздың ең өзекті, зәру дегендері газетімізде тегін жарияланатын болады. Ол үшін аты-жөндеріңіз бен телефон нөмірлеріңізді көрсетуді де ұмытпасаңыздар екен.
* Ассалаумағалейкүм! Аллаһтың әмірін бұлжытпай орындайтын, Пайғамбардың сүннетін жанына жылу еткен, Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын, шариғат ілімінен хабары бар, өте әдепті, ибалы да инабатты мұсылман қыздармен танысқым келеді. 81-ші жылғымын. Жеңіл ойлылар мазаламауын өтінемін. 8-775-712-34-03.